2020 жылдың 24 қаңтары бойынша коронавирус сырқатымен 800-ден астам оқиға тіркелген, оның 25 оқиғасы өліммен аяқталған. Вирус Тайланд, Тайвань, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сынды елдерде тіркелген. Қытайдың 20 провинциясында вирус байқалған және тараған, соның салдарынан 4 қала карантинге жабылған.Осыған орай, Алматыда әуежай мен вокзалдарда санитарлық бақылау күшейтілді әрі еліміздің ең ірі мегаполисі аумағына коронавирустың енуі мен тарауына қарсы нақтылы шаралар қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі кезде Алматы қаласы бойынша санитарлық бақылау күшейтілді. Шекара аумағының өткізу пункттерінде, қаланың әуежайлары мен вокзалдарында коронавирустың енуі мен тарауына қарсы нақтылы шаралар жүргізілуде: халықаралық авиарейстерден келгендерге жылувизиондық бақылау күшейтілді, олардың барлығы міндетті байланыссыз термометриядан өтуде. Әуежай, шекара, кеден қызметкерлерімен, ұшу құрамымен, поездардағы жолсеріктермен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Әуежайларда ҚХР ұшатындардың барлығына ескертпелер таратылуда.
Алматы қаласында вирусқа қарсы препараттар қоры жеткілікті, вирусқа қарсы шамамен 5 мыңға жуық препараттар, резервте 1 400 000 маскілер бар. Бүгінгі күні алғашқы көмек көрсету және үйде қарау үшін 77 автокөлік бөлінген. Колл-орталықтар үздіксіз жұмыс жасауда. Балалар мен үлкендердің инфекциялық стационарларында 20 сырқат үшін алдын ала 10 бокс бөлінген. Қажет болған жағдайда төсек-орындар қосымша бөлінетін болады.
ҚР Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті адамдар көп жиналатын және бұқаралық шаралар өтетін жерлерге баруды азайтуды ұсынады.
Бүгін Алматы қаласының Халықаралық әуежайында коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы бойынша оқу-жаттығу өтті. Оған әуежай қызметтері, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, ТКҚБ басқармасы Алматы бөлімшесінің, аса қауіпті инфекциялардың Ұлттық ғылыми орталығының, Алматының қоғамдық денсаулық басқармасының Алматы бойынша дезинфекциялау орталығының мамандары қатысты.
Вирустық инфекцияның белгілері байқалса, дереу дәрігерге көріну және гигиенаның қарапайым ережелерін сақтау қажет. Бұрын вирусты инфекциямен ауырған әрі оның катаральды белгілері айқын байқалатын жандар медициналық көмекке жүгінулері тиіс.