Шекарадан Ресейге 92 дана пышақ алып өтпек болған 28 жастағы өзбекстандық азамат ұсталды, деп хабарлайды ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі.
«Өзбекстандық азамат Ақтөбе шекара жасағының «Жайсаң авто» бөлімшесінде ұсталған. Пышақтардың жалпы құны 250 000 теңге деп есептелді», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, өткен тәуліктерде «Астана» шекаралық бақылау бөлімінің шекара жасағының Nursultan Nazarbayev халықаралық әуежайында, Сарыағаштық шекарашылар «Қапланбек», «Жібек жолы» өткізу пункттерінде құжаттарына қазақстандық миграциялық полицияның мөрін қолдан жасап қойып алған Тәжікстанның бір азаматы мен Өзбекстанның 7 азаматын, Lexus RX 200 автокөлігінің қолдан жасалған тіркеу куәлігімен Өзбекстанға қарай өтпек болған Тәжікcтанның 24 жастағы тұрғынын ұстағаны айтылған.
Ұсталғандардың барлығы құқық қорғау органдарына тапсырылды.