|
18.10.2019 | 15:59
3513

Елімізде банк пен ХҚКО атын жамылып жұртты алдайтын алаяқтар көбейді

Алданғандар қатарында тіпті 31 млн.теңгесінен әп-сәтте айырылып қалғандар да бар

Елімізде банк пен ХҚКО атын жамылып жұртты алдайтын алаяқтар көбейді

Қазақстанда түрлі айла-тәсілдермен адамдарды алдап-арбап ақша жымқыру жағдайлары көбейген. Алаяқтар өздерін Халыққа қызмет көрсету орталығының, полицияның, банктің тағы басқа да органның қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындардың сеніміне кіреді. Алданғандар ішінде 31 млн.теңгесінен әп-сәтте айырылып қалғандар да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күні кеше Қарағанды қаласының тұрғынына елордадағы Есіл ауданының халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері хабарласып, тұрғын үй кезегі келгенін сүйіншілейді. Алайда пәтерге қол жеткізу үшін алдымен мойнында қарызы бар екенін айтып, сол себепті мемлекеттік бажды төлеуді талап етеді. «Бұл не деген батпан құйрық» деп күмәнданған Бақыт Мүбәрак ресми құжатты жіберуді сұрайды. Хабарласып тұрған қызметкерлер күдік тудырмау мақсатында құжаттың суретін салып жібереді.

«Мен жеке тұлғамын, сен маған бірінші анықтама жібер бірінші. Әй-шәй жоқ мен сендердің айтқандарыңа сеніп, айдауыңа көне бермеймін ғой. Анықтама беріңдер. Анықтаманы жіберіп қалды. Мен оны бірден көшіріп алдым. Ал ол іле-шала анықтаманы өшіріп тастады. Екі телефоннан хабарласты. Екеуіне де қоңырау шалғанда, олардың онда жұмыс істемейтіні анықталды», – дейді жәбірленуші Бақыт МҮБӘРАК.

Алаяқтардың арбауына түсіп қала жаздаған кейіпкерімізге берілген құжатта «мемлекет тарапынан бөлінген үйге 7 жыл бойы 9 153 теңге төлем жүргізіп, салықтан босатыласыз» деп көрсетілген-мыс. Олардың сөзі шындыққа жанаспайтынын аңғару қиын емес. Бақыт ешқашан елордада үй кезегіне тұрмаған. Тұрғылықты мекен-жайы Қарағанды қаласы. Ал хатта оған белгісіз Алматы облысындағы мекен жай көрсетілген. Артынша халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласып, мән-жайды анықтағанда ондай қызметкерлердің жұмыс істемейтіні белгілі болған.

«Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлері атынан шалынған қоңыраулар жиіледі. Ол қоңыраулар бойынша белгісіз бір тұлғалар азаматтарға хабарласып, өзін халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері ретінде таныстырып, олардың тұрғын үй алу бойынша кезегі келгенін хабарлайды. Азаматтың қарызы бар екенін айтады. Тұрғын үйді алу үшін алдымен сол қарызды төлеу керектігін айтқан», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша пиар-менеджері Айнұр ЖАҚАНОВА.

Қоңыраулар жиілегенмен алайда, аталған жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне шағым түспеген.

«Бұл ақпарат бақылауға алынды. Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Алайда осы мәлімет бойынша полицияға ешкім шағымданған жоқ. Сонымен айтарымыз, тұрғындарға, алаяқтың құрбаны болып қалмас үшін, мұндай ақпаратты көз жеткізіп, тексеру керек. Өкілетті органдарға хабарласып, мән-жайды анықтаған абзал» - деді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы София ҚЫЛЫШБЕКОВА.

Алаяқтық іс бойынша еліміздің мегополистер көш бастап тұр. Алматыда 6408, Нұр-Сұлтанда 3200, Шымкент шаһарында 2055 іс тіркелген. Барлығы Қазақстан бойынша 24 мыңнан астам іс тергеуге алынған. Оның ішінде ғаламтор арқылы жымысқы әрекетін жүзеге асыратындар көп.

«Негізі алаяқтардың көбісі банк қызметкерлірінің атынан хабарласады. «Біз банктенбіз, номеріңізді, есеп-шот, карточка нөмірін айтсаңыз дейді. Азаматтар байқамай бере салады. Соның кесірінен 18 млн, 31 млн теңгеге дейін алған фактілер болған», – дейді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің аға тергеушісі Хамзат РАХЫМБАЕВ.

Бұл ірі алаяқтық қылмыс жасағандар әлі қолға түспепті. Алайда айта кетейік, жыл басынан бері тіркелген қылмыстардың 70 пайыздан астамы ашылған. Қазақстандықтарды қаражатын айламен жымқыратындардың ішінде шетелдіктер де бар екен.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир