Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин халықты баспанамен қамту шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Үкімет басшысының айтуынша, тұрмысы төмен азаматтар үшін арендалық тұрғын үй екі есе көп салынады. Осылайша, аталған санаттағы баспананың жылдық көрсеткіші 20 мың пәтерге жетеді. Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін баспананың саны үш есе өсіп, 3 000 пәтерге дейін ұлғаяды.
«Жалпы, 2019 жылы әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі 7,1 триллион теңгеге дейін артады. Үкімет осы саладағы шараларды тиімді іске асыруға күш салатын болады», – деді Мамин үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Премьердің айтуына қарағанда, құрылыс қарқыны Қызылорда, Қарағанды және Атырау облыстарында жоғары. Керісінше, Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалалары, сондай-ақ, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында төмен.
Айта кетсек, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.