2020 жылдан бастап Қазақстандағы 1338 ауылдық округке дербес бюджет енгізіледі

2020 жылдан бастап Қазақстандағы 1338 ауылдық округке дербес бюджет енгізіледі
Бұл - 7 түрлі салық, түрлі төлем, айыппұлдар мен аудандық бюджеттен қаражат ауыл бюджетіне тікелей түседі деген сөз
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі осыдан екі жыл бұрын жүзеге асырыла бастаған еді. Алайда көп уақыт өтпей, бұл реформаның кемшін тұстары да көріне бастады. Жүздеген ауылдың салық түсімі төмен. Коммуналдық меншікті пайдаланудағы кедергілер көп. Бюджетті сапасыз жоспарлау салдарынан кірісінен шығысы басым елдімекендер де аз емес. Өзге де проблемаларды бүгін Парламент Мәжілісінің депутаттары Үкімет сағатында министрліктерге тізіп берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінгі таңда елімізде бюджеттің төртінші деңгейі халық саны 2 мыңнан асатын мыңға жуық кент, ауылдық жерлерде, 47 аудандық маңызы бар қалаларда қолданылған. Бұл дегеніміз -7 түрлі салықтық түсімдерінен, түрлі төлемдерден, айыппұлдар мен аудандық бюджеттен қаражат ауыл бюджетіне тікелей түседі. Ұлттық экономика министрінің мәліметінше, бір ауылдық округтің орташа бюджеті - 122,4 млн теңгені құрайды. Тіпті бюджеті 1 млрд теңгеден асатын округтер де бар.

«Егер жергілікті өзін-өзі басқару кірісі үлесінің орташа мәні 25% болса, онда кейбір аймақтарда бұл көрсеткіш 50% -дан асады. Осындай ауылдық округтердің көпшілігі үш аймақта орналасқан. Бұл Ақмола,  Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстары», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан ДӘЛЕНОВ.

Бұл реформаның басты ерекшелігі – жергілікті маңызы бар мәселелер тұрғындардың қатысуымен шешілуі тиіс. Яғни аудандық бюджетке қол жаймай, ауыл халқы өз жыртығын өздері жамай алатын деңгейге жету керек болатын. Алайда, екі жыл ішінде жаңашылдықтың кемшің тұстары да көріне бастады. Атап айтар болсақ, бюджетті сапасыз жоспарлау ауылдық мекендердің дамуына теріс әсерін тигізіп отыр.

«Бұл ретте 2019 жылдың 6 айына жүргізілген талдау 1054 ауылдық елді мекеннің 718-нің жоспарын жасау кезінде салықтық емес төлемдер бойынша түсімдерді жоспарламағанын көрсетті. Бұдан басқа ауылдардың тек 5 пайызы ғана шығыстарды өз кірістері есебінен жаба алады. Сондықтан әкімдіктер бюджет жобасын және жергілікті маңызы бар мәселелерді қарау кезінде жергілікті қоғамдастықтарды тарта отырып, бюджетті жоспралау қажет», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай САБИЛИЯНОВ.

Сонымен қатар, ауылдық округтер әкімдері аппараттарында  кадр мәселесі өзекті. Кейбір жерлерде заңгерлер мен бухгалтерлер штаттағы қызметкерлер емес. Келісімшартпен жұмыс жасайды. Немесе мамандардың дипломдағы білімі атқарып жүрген жұмыстарына сай емес.

«Ауылда мұғалімдер қаржыгер болып кетеді. Бір мекемеден бір мекемеге ауысып. Кезінде Агенттік ауыл әкімі қызметіне тек жоғары білімі бар адам ғана тағайындалады деген бұйрық шығарған болатын. Кешіріңіздер, бірақ ауылдарда жоғары білім барлар - мұғалімдер мен полиция қызметкерлері ғана. Неліктен орта білімді мамандарды, яғни қаржыгерлік білімі бар, өмірлік тәжірибесі мол адамдарды ауыл әкіміне тағайындау мәселесін қарамасқа? Бірақ Агенттіктің бұйырығы оларды ондай лауазымға тағайындауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан бұл мәселені де қарасаңыздар», – деді ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир БОЖКО.

Ауылдардың өзін өзі басқару жүйесіндегі кемшіліктер мен кедергілер мұнымен шектелмейді. Мәселен, Мәжіліс депутаттары коммуналдық меншікке республика бойынша 307 балабақша, 273 мәдениет үй әлі берілмегенін айтты. Бұл проблема Ақмола, Түркістан облыстарында өзекті. Ал, Павлодар облысының 21 ауылдық округ әкімдіктерінің аппараттары сапалы интернетпен қамтамасыз етілмеген. Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының 6 ауылдық елдімекенінде осындай проблема бар.  Сондықтан бюджеттің 4-ші деңгейін одан әрі сапалы жаппай енгізу үшін қажетті жағдайлар жасап, ауылдардың проблемасын шешу бойынша нақты шаралар қабылдау керек деп тарқасты депутаттар.

Новости партнеров