Илон Маск компаниясы алдағы жарты жылдың ішінде еліміздегі шалғайда орналасқан 2 мың ауылды интернетпен қамтамасыз етеді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
- Форумға SpaceX төрағасының орынбасары (SpaceX Starlink бизнес-операциялары жөніндегі директоры Лорен Дрейер) келген болатын. Онымен екіжақты кездесулер өтті. Ол Президент мырзамен кездесуі барысында пилот ретінде шалғайдағы 2 мың ауыл мектебін SpaceX Starlink технологиясы арқылы интернетке қосуға келісімін берді. Біз көп ұзартпай, жарты жылдың ішінде 2 мың ауылдағы мектепті Starlink арқылы жылдамдығы жоғары интернетке қосамыз, - деді министр «Digital Bridge 2023» халықаралық технологиялық форумы аясындағы брифингте.
Оның атап өтуінше, SpaceX Starlink технологиясының игілігін тек мұғалімдер мен оқушылар ғана емес, сонымен қатар ауыл тұрғындары да көреді.
- Меніңше, ол жалпы ауылдағы интернетке қосылам деушілерге үлкен мүмкіндік береді. Өйткені, ол ауылдарда 200-ден 500-ге дейін адам тұрады. Олардың ішінде интернет мүлдем жоқ ауылдар да бар. Сол аймақтарға 100-200 Мбит-тік интернет жеткізілген кезде тұрғындар мектептегі интернетті пайдаланып, өздеріне қажетті сервистерді жүктей алады, - деді Бағдат Мусин.
Оқи отырыңыз: Ғалымдар жасанды интеллект көмегімен көне жазбалардың сырын ашты