Түркістан облысының полицейлері адам өлтіргені үшін 4 жылдан бері іздеуде жүрген қылмыскерді Ресей астанасы Мәскеу қаласынан ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
2015 жылы мамыр айында түнгі уақытта Сарыағаш аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші бөлімшесіне ауылдардың біріндегі емханаға «екі аяғына оқ тиіп жарақат алған» ер адамның денесі жеткізілгендігі туралы хабарлама келіп түседі. Тексеру барысында, бір ауылдың екі тұрғыны арасында түсінбеушілік туындап, соңы ерегіске ұласқандығы белгілі болады. Бір тұрғын екі танысының көзінше, ерегескен адамды қос ауыз мылтықпен атып өлтірген. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Аса ауыр қылмыс жасаған тұрғын тергеуден бой тасалап жүргендіктен, оған халықаралық деңгейде іздестіру жарияланады. Сарыағаш АПБ полицейлері адам өлтірген күдіктінің Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында жүргендігін анықтап, ұсталады. 1 шілдеде ол Ресейден Шымкент қаласындағы ИЧ-167/11 мекемесіне жеткізілді. Қазіргі таңда Сарыағаш АПБ тергеу бөлімшесі осы қылмыстық іске байланысты тергеу амалдарын жүргізуде.