Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірінші оқылымнан қолдау тапқан жобада 75 заңға өзгеріс пен толықтырулар енгізіледі. Құжат негізінде кәсіпкердің көсіліп жұмыс істеуіне кедергі келтіретін бақылау, қадағалау ісі бір жүйеге келтіріледі. Жаңа заң жобасын Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров таныстырды.
- Жедел ден қою шараларын қабылдау арқылы, құқық бұзушыларға заң жүзінде ден қоюға және бизнес субъектісінің кінәсінен туындаған халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қоғамдық қауіпті қолайсыз оқиғалардың басталуын болдырмауға мүмкіндік береді. Қазір мемлекеттік бақылау 90-нан аса кәсіпкерлік қызмет саласында іске асырылады, - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Қазақстанда кәсіпкерлікпен еркін айналысуға жемқорлық кедергі болып тұр. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов тексерушілерді алдымен тәртіпке шақыру керек деп санайды.
- Бізге шағын және орта бизнес өкілдерінен көп өтініш түседі. 2019 жылы шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. Шағын және орта бизнестің осы мүмкіндікті пайдаланып, дамуына біресе пандемия, біресе инфляция кедергі болды. 2024 жылы бері (мораторий) бітеді деп отыр. Қазір кәсіпкерлер бізді қайта тексере бастайды деп қорқып отыр. Сіз тексеру қалай болатынын білесіз. Анау келіп пара сұрайды, мынау келіп пара сұрайды. Осы жағынан шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты қандай іс-әрекеттер жасалады? - деп депутат сауал жолдады.
Депутаттың сауалына жауап берген Ұлттық экономика министр бизнесті бақылау тетігі кәсіпкерлік кодексінде көрсетілгенін атап өтті. Ал шағын және орта бизнеске қатысты тиісті мораторий осы жылдың соңына дейін ұзартылғанын айтты. 2024 жылдан бастап бизнес жүргізуді жеңілдету мақсатында Үкімет қадағалау саласында тәуекелді басқару жүйесін енгізуді қолға алған.
Камшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, "Алматы" телеарнасы, Астанадан
Оқи отырыңыз: Алматының сауда базарларында орынды заңсыз жалға алу сызбасы анықталды