Қазақстанның оңтүстігінде оқушылар олимпиадасын өткізу кезінде келеңсіз жәйттер анықталған. Республикалық доданың облыстық турын өткізу кезінде қазылар алқасы тарапынан әділетсіз шешім шығару фактілері әшкереленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл туралы Түркістан облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің жоспардан тыс тексеруінен кейін белгілі болды. Атап айтқанда, төмен балл жинаған қатысушылар жүлделі орындарға ие болып, керісінше жоғары балға қол жеткізген қатысушылар – жүлдесіз қалған. Нәтижесінде байқаудың бірінші кезеңінде сүрінген қатысушылар көпшіліктің арасынан суырылып, жеңіске ие болды. Одан бөлек, ұйымдастыру комитеті тарапынан олимпиаданы өткізу ережелерінің өрескел бұзылғаны да анықталды. Еліміздің білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, тексеру нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігіне тиісті хаттар жіберілген.