Қазақстанға көшіп келетін қандастардан талап етілетін құжаттар 43-тен 20-ға қысқарды

Қазақстанға көшіп келетін қандастардан талап етілетін құжаттар 43-тен 20-ға қысқарды
Қазақ диаспорасы көп елдерде «Қазақ үйлері» ашылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұл туралы елордада өтіп жатқан «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық дөңгелек үстелде еліміздің ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді. Оған қоса құжат рәсімдеу бойынша қызмет көрсету мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқарады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Осылайша Отанына оралуды армандаған азаматтарға барынша жағдай жасалмақ. Алқалы жиында алыс-жақын 20 мемлекеттен келген 200-ге жуық қазақ өзге қандай мәселелерін айтты.

Мұрат Ермич елордада өтіп жатқан бәсі биік басқосуға Швеция елінен келген.  Бүгінде ол мемлекетте 500-ден астам қазақ тұрып жатыр екен. Салт-дәстүрімізді дәріптейміз, тілімізді ұмытпаймыз, ұлттық құндылықтарымызды үнемі ұлықтаймыз, дейді ол. Жат жерде жүрсе де қазақ елінің дамыған мемлекеттермен терезе теңестіріп жатқанына қуанып отырамыз деп ағынан жарылды.

«Сіздер бір қазақтың ішінде тұрып, Қазақстанның қадірін, білмей жүрсіздер. Су ішінде жүзіп жүріп судың қадірін білмейтін балық секілді ғой. Бірақ балықты судан шығарғанда балық судың қадірін біледі ғой. Сол сияқты. Қазір Қазақстан қатты дамып жатыр», - дейді Швециядағы қазақ қоғамының төрағасы Мұрат ЕРМИЧ.

«Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық дөңгелек үстелде қандастарымыздың ұлттық санадан ажырамай, тілі мен ділін, дінін ұмытпауға жағдай жасау мәселелері айтылды. Олармен мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланысты кеңейту, қолдау көрсету жолдары қаралды.

«2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында қазақ диаспорасы өкілдері үшін Қазақстанда жоғары оқу орындарында бакалавриаттан білім беру бағдарламалары бойынша квота бөлу 4 пайызға дейін көтеріліп, білім алушылардың саны 2747-ге жеткені - қуанарлық жайт», - дейді Қр Мемлекеттік хатшысы Қырымбек КӨШЕРБАЕВ.

Бүгінде этникалық қазақтардың елімізге көшу рәсімін оңтайландыруға бағытталған шаралар қолға алынған. Құжат рәсімдеу бойынша үлкен жеңілдіктер енгізу жоспарланып отыр.  

«Бір терезе қағидасын осы келген қандастарымызға да ұсынып отырмыз. Бұл процесс оңай емес. 5-6 мекемені біріктіру керек. Сондықтан бұл мәселені біз 2020 жылдың үшінші тоқсанында бітіреміз деген сенімдеміз. Біздің қандастарымыз келгенде бір жерге ғана келіп, құжаттарын тапсырады. Сол жерден құжаттарын қабылдайды. 46 құжат тапсыру керек екен, соны 26 құжатқа қысқарттық»,  - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен АБАЕВ.

Бүгінде әлемнің 43 елінде 6 миллиондай қазақ тұрады. Қазақстан тәуелсіздігін алған күннен бастап елдің сыртында жүрген азаматтарын Отанына көшіру бағытында жұмыс атқарып келеді. Бес жылдық бағдарлама қабылданды. «Отандастар қоры» құрылды. Нәтижесінде Шығыс Қазақстан, СҚО, Ақмола, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласында бүтін бір қаншама ауылдар пайда болды.

«Кезінде Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасына сәйкес, «Нұрлы көш» деген мемлекеттік бағдарлама құрылды. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекеттің бюджетінен 60 млрд. астам қаржы бөлінді. 1 миллионан астам қандастарымыздың өз Отанына оралуына осы мемлекеттік бағдарламаның, жалпы мемлекеттің үлкен қолдауы болды», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ.

Сонымен қатар жиында Қытайдан шыға алмай отырған қазақтардың мәселесі шешілгені белгілі болды. Қандастарымызға Қазақстанға баруға қойылған шектеу алынып тасталды дейді министрлік өкілі.

«Қытайдағы қандастарымыздың Қазақстанға шығу мәселесі кішкене қиындады. Дейтұрғанмен дипломатиялық арналар арқылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қытайдан Қазақстанға шығу мәселесі өз шешімін тапты. Қытайлық тараптың мәліметі бойынша қандастардың Қытайдан Қазақстанға шығу шектеуі алынып тасталды. Тек Қытайдың Заңдарын бұзғандарға ғана шектеу қойылатыны ескертілді», - дейді ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат НҰРЫШЕВ.  

Сонымен қатар аталған шарада шетелдегі қандастарға өз тілін ұмытпауға мүмкіндік жасау үшін «Қастерлі қалам» жобасы әзірленгені айтылды. Қазақ диаспорасы көп елдерде «Қазақ үйлері» ашылады. Онда белсенді қазақ мәдени бірлестіктерінің басын қосып, біріктіру көзделге. Бұдан бөлек, дөңгелек үстелге қатысушыларға Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен өңірлерде бизнесті дамыту үшін жасалған жағдайлар жайында ақпарат берілді.  Шет елдердегі қазақтілді БАҚ пен журналистердің өзара ынтымақтастық мәселесі талқыланды

Новости партнеров