Қазақстандықтар енді аты мен тегін смартфондағы қосымша арқылы өзгерте алады

Қазақстандықтар енді аты мен тегін смартфондағы қосымша арқылы өзгерте алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді атыңызды ауыстыру немесе тегіңізді өзгерту үшін өтінішті Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып жазудың қажеті жоқ. Ол жұмыстарды смартфондағы қосымша арқылы онлайн түрде реттеуге болады. Тағы қандай мемлекеттік қызмет түрлері онлайн режимге ауысты? Бұл сұрақтың жауабын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Жаңыл ӘПЕТОВАДАН сұраған едік.

– Жаңыл Амантайқызы, қанша қызмет мобильді электронды түрге ауыстырылды?  

– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мобильдік қосымшасы арқылы бүгінгі күні тағы 12 қызмет түрі қосылып отыр. Оның қатарында психо, нарко анықтамалары, туберкулезге байланысты анықтама, еңбек биржасын көру және некеге тұру, некені бұзу туралы қайталама куәліктерін алуға болады. Сондай-ақ, жүргізуші куәлігін де, прокуратурадан құқық бұзғандығы туралы анықтаманы да алуға болады. Солнымен қатар, тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұруға және сол тіркеуде тұрған адамдардың санын, кімдердің тұрғанын көруге болады. Осындай 12 қызметті мобильдік қосымша арқылы көріп, біле аласыз. Өтінішті мобильдік қосымша арқылы беруге болады.

– Аталған қызметтерді алу үшін электрондық сандық қолтаңба міндетті ме? Мобильді қосымшадан өзге, тағы қандай жолдары бар?

– Бұл қызметтерді тұрғындар үйінде отырып-ақ, интернетке қосулы болса компютер, планшет және қолдарындағы телефондары арқылы алуға болады. Ол үшін міндетті түрде Мобильдік үкіметке тіркелген болуы керек. Тіркелген азаматтар электрондық сандық қолтаңба арқылы немесе бір реттік смс хабарлама арқылы ала алады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы Connection Point алаңдарындағы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» МК-ның фронт-офистеріндегі мамандар көмегіне жүгіне отырып, қажетті қызметті ала болады.

– Бүгінде мемлекеттік қызметтердің қанша түрі жұмыс істейді? Олардың қаншасы электронды түрге ауысқан? Жалпы, телеграмм-ботқа қанша қызмет түрі енгізілген?    

– Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтердің 752 түрі бар. Оның 621-ін Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен фронт-офистер арқылы алуға болады. «Азаматтарға арналған үкімет» МК арқылы алуға болады. Сондай-ақ, бүгінде электронды үкімет порталы арқылы 454 қызмет түрін алуға болады. Ал телеграмм-бот каналында «е-gov.kz» қосымшасында да 20 қызмет түрін алуға мүмкіндік бар. Анықтамаларды телеграмм-бот арқылы үйде отырып-ақ алу өте ыңғайлы. Одан өзге, Connection Point алаңдарында да электронды қызметті алу өте қолайлы.                

– Жауабыңызға рахмет.


Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров