|
07.05.2024 | 11:34
336

Биыл Отан қорғаушы күнін ерекше жағдайда атап өтіп отырмыз — министр

Руслан Жақсылықов Отан қорғаушы күніне орай құттықтады

Биыл Отан қорғаушы күнін ерекше жағдайда атап өтіп отырмыз — министр Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстанның Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Отан қорғаушы күніне орай құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

«Отан қорғаушы күні ерлік пен даңқтың, Отанға жанқиярлықпен қызмет етудің символына айналды. Сіздер еліміздің мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде Қарулы күштердің қазіргі заманғы, жауынгерлік қабілеті жоғары әрі қуатты армия ретінде қалыптасқанына куә болып отырсыздар. Біз жаңа әдістерді қолдана отырып, ондаған командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткіздік. Қазақстандық жауынгерлер шетелде өткен түрлі оқу-жаттығулар мен жарыстарға қатысты. Ел аумағында да бірлескен іс-шаралар өткізілді. Бітімгерлік қызметте сапалы қадам жасалды. Мен шетелдердегі бірқатар халықаралық миссияларға қатысқан қазақстандық әскери қызметшілерге ризашылығымды білдіремін. Жауынгерлік кезекшіліктегі, сондай-ақ еліміздің әуе кеңістігі күзетіндегі жауынгерлерге де алғысым шексіз», - дейді министр.

Оның айтуынша, әсіресе табиғи апаттардың зардабын жоюда белсенді қызмет атқарылған.

Әскери қызметшілердің азаматтардың қауіпсіздігін сақтауға қосқан үлесі орасан зор.

«Биыл біз Отан қорғаушылар күнін ерекше жағдайда атап өтеміз. Біздің әскери қызметшілер тасқын суға қарсы күресте қажетті шараларды қамтамасыз ете отырып, өз міндеттерін абыроймен орындап шықты. Осы қарбалас кезеңде жауынгерлеріміздің жоғары кәсіпқойлығы, борышқа адалдығы, достық пен өзара көмек сияқты қасиеттері айқын көрінді. Қарапайым адамдар үшін бұл оңай сынақ болған жоқ. Ал әскери адамдар үшін бұл кезекті жаттығу болды. Мен қорғаныс ведомствосының басшысы ретінде осы қиын-қыстау кезеңдегі армия мен халықтың біртұтастығын мақтанышпен айта аламын. Ел Президенті — Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:«Қарулы күштер бір мақсатқа — азаматтарымызды, Конституциялық құрылысымызды және егемендігімізді кез келген сипаттағы және ауқымдағы қатерлерден барынша тиімді қорғау үшін үйлесімді жұмыс істеуі тиіс» деді. Алдағы уақытта да біздің төзімділігіміз сыналатын сәттер аз емес. Біз оның бәріне абыроймен төтеп беретінімізге және кез келген қауіп-қатерге қарсы тұруға әрқашан дайын болатынымызға сенімдімін. Жеке өз атымнан және Қорғаныс министрлігінің жеке құрамы атынан Отан қорғаушылар күніне орай шын жүректен шыққан құттықтауымды қабыл алыңыздар! Әскери қызметшілерге, азаматтық персоналға, Қарулы күштердің ардагерлеріне және ел азаматтарына зор денсаулық, амандық, көтеріңкі көңіл-күй және туған Отанымыз — Қазақстан Республикасының өркендеуі жолындағы міндеттерді іске асыруда жетістік тілеймін!» - дейді Руслан Жақсылықов.

Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов Қазақстан халқын Отан қорғаушы күнімен құттықтады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир