«Елін сүйген Елбасы». Шаңырақ көтергеніне 4 жылдың жүзі болған Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында осындай тақырыппен еліміздің тұңғыш президенті күніне орайластырылған мерекелік шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тікелей Елбасының қолдауымен бой көтерген өнер ошағының қазақ ұлттық өнерін дамытуға қосқан үлесі зор. Салтанатты кеште есімдері елге танылып қалған жас өнерпаздар фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің сүйемелдеуімен, сырнаймен жыр айтып, қобызбен қазақтың халық әнін шырқады.
«Оның ішінде қазақтың күйі, дәстүрлі әні, жыры, биі бар. Сол бағытта бірден-бір әдейілеп шаңырақ көтерген театр. Егеменді еліміздің тарихындағы тұңғыш театр десек артық айтқандық емес. Аудан тұрғындары, қала қонақтары, аудан әкімдігімен бірігіп жасалған дүние», – деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Дәлел УӘШЕВ
Мерекелік кеште «Алатау» дәстүрлі өнер театрының шығармашылық ұжымы Елбасы жайлы кішігірім концерттік спектакль қойды. Тұңғыш президенттің рөлін сомдау актерлерге үлкен жауапкершілік артқаны сезіліп-ақ тұр. Артылған сенімді өнер театырының ұжымы абыроймен алып шықты.
«Жалпы спектакльдің құрылымы Елбасының жас кезі, одан кейін Теміртау оқиғасын қамтиды. Және Жоғары кеңес төрағасымен кездесу сахналарын ұйымдастырып, концерттік дүние жасадық. Елбасының болашаққа жолдаған жолдамаларын әрбір актер түсініп, жүрегімен сезіне білуі керек. Ең көп уақыт алған сол сахналар болды», – деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының режиссері Жандос ТӨЛЕУБЕК.