Оларға қатысты қажетті тергеу іс-шарасы жүргізіліп жатыр
Алматыда жылқы малын аяусыз соққыға жыққандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ресми өкілдіктің сөзінше, қазір бұл іске қатысы бар деген 5 айыпталушы ұсталған. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, асыл тұқымды түлікті бірі күрекпен, енді бірі қамшымен сабап жатқан видео 4 қазан күні әлеуметтік желіде тараған еді. Кейіннен оқиға қаладағы «Тұлпар» ат спорты орталығында болғаны белгілі болды.
«Естеріңізге сала кетейік, қылмыстық іс 05.10.2021 жылы Алматы қаласы ПД СТБТ-де ҚР ҚК-нің 316-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық негізінде (жануарларға қатыгездік) қалалық Полиция департаментінің анықтау басқармасының анықтаушыларының өндірісінде», – деді Алматы қаласы ПД баспасөз қызметінің инспекторы Дәулет Есмырзаев.