|
29.05.2023 | 11:41
1960

1 шілдеден бастап әлеуметтік төлемдер көбейеді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды

1 шілдеден бастап әлеуметтік төлемдер көбейеді yvision.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 1 шілдеден бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5%-ға ұлғайтылады. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы санаттағы тұлғаларды қолдау шараларын күшейту қажеттігін осы жылдың 29 наурызында өткен VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында атап өтті. 


–1 шілдеден бастап мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер 14,5  пайызға өседі. Еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша берілетін төлемдер 92 мыңға жуық алушыға және асыраушысынан айырылған 61 мыңнан астам адамға төленеді, – деді ҚР Премьер-Министрінің баспасөз хатшысы Динара Әлімова.


Мемлекет азаматтардың табысын арттыру бойынша іс-шараларды тұрақты негізде қабылдап келе жатқанын айта кету керек. Мысалы, биыл 1 қаңтардан бастап республикадағы ең төменгі еңбекақы мөлшері 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көбейтілді. Бұл экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскер мен еңбек адамын қамтыды. Ең төменгі айлық көрсеткіші арқылы еңбекақы деңгейін белгілейтін ұйымдар біліктіліктің санат аралық жүйесін ескере отырып, өзге де санаттағы жұмысшылардың еңбекақысын өсіру жағына қарай қайта қарастырады.

Биыл 4,4 млн адам алатын зейнетақы мен жәрдемақының барлық түрі қайта есептелді.

Сонымен қатар дәрігерлердің, мұғалімдердің, бюджеттік саланың басқа да қызметкерлері мен өндіріс жұмысшыларының жалақысын кезең-кезеңмен арттыруды және жоба ауқымын кеңейту бойынша 2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары жалғасын тапты. Сондай-ақ шағын несиелерді қолжетімді ету арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша жобаны кеңейту жұмыстары басталды.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир