Таксиге отырмақ: Шымкенттік судьялар қызметтік көліктен бас тартты

Tengrinews.kz
Tengrinews.kz
Судьялар жұмысқа қатынау және түскі үзіліске шығу үшін такси қызметін пайдалана алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте судьялар қызметтік көліктен бас тартуда. Олар келесі дүйсенбіден бастап жұмысқа қатынау үшін такси қызметін пайдаланбақ, деп жазды Astana.tv.

Судьялар осылайша бюджеттік шығынды екі есе үнемдеуге болатынын айтып отыр. Олардың есебіне сәйкес, 18 көлікті жылда жаңартып, жөндетіп, жүргізушілердің жалақысын төлеуге 41 миллион теңге жұмсалатын көрінеді. Сондықтан такси қызметін пайдалану арқылы 20 миллион теңгені үнемдеуге болатынын айтады.

Соттағылардың сөзінше, бүгінде баланста 7 көлік бар. Ендігі олардың тағдырын арнайы мекеме шешеді екен.

«Біздің қолданыстан шыққан автокөліктер мемлекеттік мүлік және приватизация бойынша департаментке берілетін болады. Олар қажеттілігіне қарай өздері шешеді. Біз үкіметтің қаулысына қарай сол жақа береміз. Одан әрі қарай солар жауап береді», - дейді Шымкент қаласы бойынша соттар әкімшісінің басшысы Нұрсұлтан Байтілесов.

Судьялар жұмысқа қатынау және түскі үзіліске шығу үшін такси қызметін пайдалана алады. Сонымен қатар қажеттілігіне қарай 2 рет шақыруына болады екен. Мұның бәрі арнайы бейнебақылау камерасының көмегімен бақыланып отыратын көрінеді.

Сонымен қатар судьяларға такси қызметінің ақысына қатысты жеңілдіктер болмайды.

«Қаланың іші болса 500 теңгеден. Қаланың сыртына шығатын болса, қанша жүреді, соған қарап белгіленеді. Біздегі көліктердің бәрі жаңа. Әрі қарай да жаңа көліктер алынады», - дейді такси паркінің жетекшісі Бахрам БАДАЛОВ.

Ал жұмыссыз қалатын жүргізушілерді таксопарк басшысы жұмысқа шақырыпты.


Новости партнеров