|
14.11.2019 | 11:46
2520

Нұр-Сұлтанда Worldskills Kazakhstan чемпионаты өтуде

Бәсекеге еліміздің 17 аймағынан 400-ден астам жас маман қатысып жатыр

Нұр-Сұлтанда Worldskills Kazakhstan чемпионаты өтуде

Worldskills Kazakhstan – шеберлікке қадам! Нұр-Сұлтанда дәл осындай атаумен жұмысшы мамандықтары арасында республикалық чемпионаты өтуде. Бәсекеге еліміздің 17 аймағынан 400-ден астам жас маман қатысып, бақтарын сынап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Додада белгілі бір уақыт аралығында нақты тапсырманы орындап үлгеру қажет. Осы арқылы оның біліктілігі мен ептілігі сыналады. Жарысқа шырайлы Шымкент қаласынан келген Жасырбек Нариев «кірпіш қалаудан» сынға түсті.  

«Бұл жұмысым «Күннің шығысы» деп аталады. Биыл «Жастар жылы» болғандықтан, соған арналған төсбелгі жасадық. Өзім Шымкент қаласынан келіп отырмын. Өтебаев атындағы Жоғары технологиялар колледжінде оқимын. Өзіміздің оқу орнымыздың намысын қорғамақпын. Бұйыртса, орын алуға үмітім бар», – деді жарысқа қатысушы Жасырбек НАРИЕВ.

Жұмысшы мамандықтары арасындағы чемпионат 38 құзыреттілік бойынша өтуде. Мәселен, «Құрғақ құрылыс пен сылақ жұмыстары», «электромонтаж жұмыстары», «дәнекерлеу технологиясы», «Бизнеске арналған ІТ шешімдер». Қатысушыларға баға беру үшін 500-ге тарта сарапшы тартылған. Республикалық кезеңде топ жарғандар әлемдік аламанға жолдама алады.  

«Биыл тамыз айында біз 45-әлемдік додаға 34 адам 31 құзіреттілік бойынша қатысып жатырмыз, енді келесі жылы «Euroskills» пен «Asiaskills»-қа қатысамыз. Яғни осындай қозғалыс, осындай чемпионаттар жылда өзінің циклдық түрде қатысып тұрады. Біздің ойымызша, жұмысшы мамандығын дәріптеуде барлығымыз атсалысуымыз қажет. Өйткені бүгінгінің сұранысы, ертеңгі күннің керекті бір жүйесі деген ойдамыз», – деді Worldskills қозғалысы департаментінің директоры Санжар ТӘТІБЕКОВ.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир