Елімізде 35 жасқа дейінгілер енді жастар санатына кіреді. Жаңа заң жобасы Мәжілістің жалпы отырысында мақұлданды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Палата депутаттары осы құжатты екінші оқылымда қолдап, дауыс берді. Бастама мемлекеттік жастар саясаты саласын жетілдіруге, қоғамдық қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыруға, жұмыспен қамту, жастардың дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталып отыр.
«Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар «жастар» ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтуға бағытталған түзету енгізді. Бұл - жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Жергілікті атқарушы органдарға жастарға жеңілдікпен жалға берілетін тұрғын үй тапсыру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және іске асыру бойынша жаңа құзырет беруге бағытталған түзетулер енгізді», – деді ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрманбетова
Мәжіліс мақұлдаған тағы бір құжат еліміздегі жер учаскелерін беру процесіне қатысты. Бұл үрдіс енді толықтай сандық форматта жүргізіледі. Жер телімін алу үшін ол жердегі жылжымайтын мүлікке бөлек мемлекеттік акт беріліп келген еді. Енді екеуі біріктіріліп, бір құжат, яғни, жалғыз мемлекеттік акт үлестірілмек. Жер қатынастары саласындағы жаңа өзгерістерді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі таныстырып өтті. Оның мәлімдеуінше, енгізіліп отырған мемлекеттік кадастрлық карта азаматтарға қызметті ашық түрде алуға мүмкіндік береді. Яғни, жер алу, рәсімдеу кезіндегі бармақ басты, көз қысты әрекеттің алдын алуға бағытталған.
«Карта арқылы бос және өзіңізге ұнаған жер учаскесін таңдап, оның аукционға шығуы туралы өтініш бере аласыз. Содан соң «Электронды үкіметтегі» жеке кабинетіңізге хабарлама келеді. Осылайша, бос жер учаскелерін алу бойынша ашықтық пен қолжетімділік арта түседі», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.