Алматы полициясы митингке шыққанына өкінгендер жайлы айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полициядағылар рұқсат етілмеген акцияларға қатысқандарға қатысты мәліметтердің анықталғанын хабарлады. Митингке қатысқандардың жартысы басқа қаладан келгендер болып шықты.
«Құқықбұзушылық жасап, жол қауіпсіздігі ережелерін бұзғандарға құқықтық баға берілді. Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелерін бұзғаны үшін олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады полициядағылар.
«Мен – «Оян, қазақ» тобының ұйымдастырушысымын. Онда адамдарды митингтерге шығуға, жаппай тәртіпсіздік жасауға шақырдым, енді қазір сол ісіме қатты өкінемін. Олай болмайды. Барлығын заң бойынша шешу керек», – деді Алматыда митингке шыққандардың бірі.
Ол жастарды арандатушылықтардан аулақ болып, тәртіпсіздік жасамауға шақырды.
«Халыққа митингке шығып, барлығының күл-талқанын шығаруға кеңес бердім. Бірақ мен ол үшін жауапқа тартылатынымызды білмедім. Қатты қателестім», – дейді ол.
Еске сала кетейік, кеше, 12 маусымда Алматы қаласының орталығында митинг ұйымдастырмақ болған бірнеше адамның ұсталғаны жайлы хабарланған болатын.