Парламент Конституциялық сот құру туралы заң қабылдады

Еlitar.kz
Еlitar.kz
Заңға сәйкес қазақстандықтар өздерінің құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын заңдарға немесе нормативтік-құқықтық актілерге дауласа алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Парламенті азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы шағымдар бойынша Конституциялық сотқа жүгінуге мүмкіндік беретін заң қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құжат бойынша ол еліміздің бүкіл аумағында Ата заңның үстемдігін қамтамасыз ететін бірден-бір орган болады. Құжаттың өзгешелігі – биліктің сот тармағына жатпай, жеке орган ретінде қарастырылуы. Егер де Президенттің Жарлығы мен Заңдары Конституцияға қайшы келсе, оның күшін жоятын құзыретке ие болмақ. Заң жобасын Жоғарғы палата отырысында Әділет министрі таныстырып өтті. Қанат Мусиннің айтуынша, сайлауды дұрыс өткізу, Парламент қабылдаған заңдар мен  халықаралық шарттардың Ата заңға сәйкестігін қарау осы Конституциялық сот қызметіне жатады.

«Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей тиетін нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайтын болады. Сондай-ақ Конституцияға жүгіну құқығы Бас прокурор мен адам құқықтары жөніндегі уәкілге беріледі», – деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин.

Сонымен қатар, Сенат "Прокуратура туралы" заң қабылдады. Ол республикалық референдум қорытындысы бойынша Конституцияға енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында әзірленді. Прокуратураның негізгі міндеттері адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, ел аумағында заңдылықты қамтамасыз ету.

«Прокуратура органдарының қызметі алғаш рет Конституциялық заңмен реттелетінін атап өткен жөн. Бұл қадам еліміздің құқық қорғау жүйесін жетілдіруге маңызды үлес қосады деп үміттенеміз», - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Новости партнеров