Алматының Жетісу ауданында Jasyl Almaty кең ауқымды акциясы жалғасын тауып келеді. Оның аясында «Көкжиек» шағынауданында 2 мың ағаш отырғызылмақ. Жаңа көшеттерді егуге көпбалалы аналар, спортшылар мен кәсіпкерлер ат салысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көгалдандыру шарасының «Көкжиек» шағынауданында белсенді қолға алынуына тұрғындардың өтініші себеп болған. Газ станциясы жақын орналасқандықтан жергілікті жұрт газдың иісі қатты тарайтынын айтып шағымданған.
«Көкжиек» шағынауданында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бастаған Jasyl Almaty акциясы жалғасын тауып жатыр. Жасыл желектерді отырғызуға осы аумақты таңдап алдық. Жаппай тал егу газ станциясы мен тұрғын үй кешені аралығын қамтып отыр. Шағын ауданда 62 үй бар. Мұнда 11 мың адам тұрады», – деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ.
Осы уақытқа дейін 900 ағаш отырғызылған. Демалыс күні оның қатары 300-ге жуық жасыл желекке көбейді. Игі іс-шараға Ларион Лян , Руслан Бурканов, Адам Цигельник, Тимур Елеусізов және Қуат Хамитов сынды белсенді кәсіпкерлер мен спортшылар өз үлестерін қосты.
«Менің ойымша, табиғат пен адамның қарым-қатынасы өте жақын. Алматы үнемі түтін арасында тұншығып жатады. Тұрғындар да осыған шағымданады. Сондықтан қаламызды көгалдандырумен айналысуымыз керек», – деді Ережесіз жекпе-жек шебері Қуат ХАМИТОВ.
«Бүгін осы шараға баламды алып келдім. Негізі ер кісінің міндеті ағаш отырғызу дейді ғой. Өзім негізі бұрын ағаш отырғызғанмын. Енді баламды да үйреткім келеді», – деді Мира ЕЛУБАЕВА.
Бұған дейін қала әкімінің тапсырмасына сәйкес Алматыны көгалдандыру бойынша ауқымды жоба жасалған болатын. Алдағы үш жылдың ішінде миллион ағаш отырғызу жоспарланған. Мамандардың айтуынша, қалада 2 миллионнан астам ағаш бар. Оның төрттен бір бөлігі апатты жағдайда.
Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы