Такси жүргізушілері мен курьерлер үшін арнайы салық режимі енгізіледі

ашық дереккөзден
ашық дереккөзден
Салық кодексіне шағын бизнестің жалдамалы жұмыскерлері үшін бірыңғай міндетті төлемді енгізуге қатысты өзгерістер енгізіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Елімізде такси жүргізушілері мен курьерлер мемлекетке салық төлеуге міндеттеледі. Олар енді ресми түрде жұмыспен қамтылғандар қатарына жатқызылмақ. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Келер жылдан бастап онлайн платформада жұмыс істейтіндерге арнайы салық енгізілмек. Такси жүргізушілері мен курьерлерге әлеуметтік пакет қарастырылады. Олар үшін мемлекетке төлемді жұмыс берушінің өзі төлейді. Мұнымен қоса, қызметкерлерін жазатайым оқиғадан сақтандыратындар үшін сақтандыру тарифтерін төмендету мәселесі қарастырылады. Ал азамат жұмыссыз қалған жағдайда 6 айға дейін бұрынғы табысының 45 пайыздық мөлшерінде төлемақы ала алады. Бұл қаржы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілмек.

«Негізгі азаматтар әлеуметтік қордан қаражат алуы тиіс. Сондықтан қазіргі әлеуметтік кодексте екі мәселе қарастырылып отыр. Бірінші, ставкаларды төмендету арқылы өзін-өзі қамтамасыз еткен азаматтарды қатыстыруға мүмкіндік беру. Екінші, қорлардан төленетін қаражат мөлшерін көбейту. Ендігі жылы жұмысын жоғалтқан азаматтарды бастаймыз», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Мәжіліс мінберінде министр атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі де өзгеретінін айтты. Бұл қаржы отбасын немесе азаматты қиын жағдайдан шығару құралы ретінде қарастырылмақ. Әлеуметтік кодексте жалғызбасты ана, жалғызбасты әкені қолдау және асыраушысынан айырылғандар жағдайы ескерусіз қалған, - дейді депутат Жұлдыз Сүлейменова.

«Қолданыстағы заңнамада жалғызбасты түсінігіне ресми анықтама берілмеген. Жалғызбасты ана деген жаңа анықтаманы заңнамаға еңгізу отбасы саясатын нығайту идеологиясына қайшы келеді және қарастырылмайды деп жауап беріледі. Бұл біздің қоғамдағы жалғызбасты асыраушысынан айырылған отбасылардың жалпы әлеуметтік көмек көрсетуде теңсіздікке ұшыратпайды ма?», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова.  

Әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған құжат 5 бөлім, 19 тараудан тұрады. Ең басты өзгеріс енді әр отбасының цифрлық картасы болады. Ол мемлекеттік органдардың қолданыстағы ақпараттық жүйедегі деректері негізінде қалыптастырылмақ. Оны жүзеге асыру үшін мемлекет, бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісім-шарт жасау жоспарланыпты.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров