Президент қазақ тілін жетік білмейтін азаматтарға үндеу жасады

фото из открытых источников
фото из открытых источников
Қ. Тоқаев тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны көбейгенін тілге тиек етті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарияланды. Онда мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімізді түгендеп, алдағы мақсат-міндеттеріміз туралы айтты. Мақалада Президент қазақ тілін жетік білмейтін азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлайды almaty.tv.

Мемлекет басшысы: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», – деп қазақ тілін үйренуге тек қана ынта жетіспей жүргенін айтты.

Сонымен қатар, Президент тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны көбейгенін тілге тиек етті. 

Ол: «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары», – деп жазды.

Мемлекет басшысы қазақ тілінің бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасқанын атап өтті. Қ. Тоқаев: «Ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді. Жастарымыз бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал. Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Сондықтан, ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз», – деп басқа тілдерге шектеу қойылмайтынын айтты.

Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының толық нұсқасын біздің сайтымыздан оқи аласыздар.


Новости партнеров