Ақтөбелік ірі шаруа қожалықтары әлеуметтік мәселені шешуге 500 млн теңге бөлді

inform.kz
inform.kz
8 меморандумға қол қойды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Аймақтағы Қарғалы ауданының ірі шаруа қожалықтары ауылдардың әлеуметтік мәселелерін шешуге және дамытуға 500 млн теңге бөледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қарғалы ауданына жұмыс сапары аясында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов қайырымдылық жобасы қатысушыларымен, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өкілімен, шаруа қожалықтарының басшысымен кездесті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімі көлемін және оның қосылған құнын арттыру стратегиялық міндет екенін атап өтіп, кооперативтерді дамытуға 1 трлн теңге бөлуді тапсырды. Жоба жүзеге асса, ауылда жұмыс орындары құрылып, мал мен құс саны артып, қатысушылардың табысы екі есеге көбейеді. Біз жауапкершілікпен жұмыс істеуге дайын ауыл тұрғындарының жобасын жүзеге асыруға барлық көмекті көрсетеміз», – деп атап өтті облыс әкімі.

Ералы Тоғжанов, сондай-ақ облыстағы елдімекендерді интернетпен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Кездесу барысында Қарғалы ауданының әкімі Асқар Жүсібалиев пен ірі шаруа қожалықтарының басшысы жалпы құны 500 млн теңгені құрайтын 8 меморандумға қол қойды.

Аудан аумағында жұмыс істейтін ірі шаруа қожалықтары халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрақты түрде қайырымдылық көмек көрсетіп келеді.

Новости партнеров