1500 адам қатысқан тазалық акциясына 6 арнайы техника мен 35 автобус жұмылдырылды. Экоакцияға еліміздің премьер-министрі Асқар Мамин мен қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Айта кетейік, «Tаза Қазақстан» жалпы республикалық экологиялық акцияны қолдау мақсатында Алматыда таза Алматы экоакциясының осымен екінші кезеңі өткен болатын. Игі шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы экомәдениетті қалыптастыру.
«Бүгінгі сенбіліктің басты мақсаты – тазалық. Табиғат тамаша. Өкініштісі, адамдар келіп, қоқыстарын қалдырып кетеді, орнын тазаламайды», – деді қатысушы.
«Тазалық – бірінші борышымыз. Біз жастарға эко тәрбие беруіміз керек. Жастарды қойып, тіпті ересектерге де экологиялық менталитет жетіспейді», – деді келесі бір тұрғын.
Тазалық шарасы қаланың барлық аудандарында өтті. Акцияға сегіз аудан әкімдіктері мен басқармалардың қызметкерлері, Еріктілер лигасы, «Жасыл Ел», үкіметтік емес ұйым мүшелері, мәдениет және спорт салаларының өкілдері де қатысты.