|
Qoǵam
19.09.2019 | 12:15

Алматыда университеттердің жаһандық саммиті өтуде

Аталған шараға 60-тан астам елдің ғалымдары келді

Алматыда университеттердің жаһандық саммиті өтуде

Адам капиталын қалыптастыруда әлем университеттерінің рөлі маңызды. Ол үшін жетекші жоғарғы оқу орындары жұмыла жұмыс істеу керек. Бұл туралы бүгін университеттердің жаһандық саммитінде айтылды. Айтулы шараға Еліміздің вице-премьер министрі Бердібек Сапарбаев келді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жаһандық жиын әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде алғаш рет ұйымдастырылған. Еліміздің вице-премьер министрі Бердібек Сапарбаев та келелі кездесуге қатысты. Жиын басталмай тұрып бас қаладан келген Сапарбаевқа әл-Фараби атындағы университеттің кітапханасындағы құнды құжаттар таныстырылды. Онда араб, парсы және шағатай тіліндегі қол жазбалар бар. Олар Мысырдан, Сириядан және Түркиядан жеткізілген екен. Сонымен қатар, Абай Құнанбаев атындағы кабинет те көрсетілді. Ол жерде хәкімнің өмірі суреттермен көрсетілген. Сондай-ақ шәкірттерінің де еңбектері мен жазбаларын көруге болады.

Содан соң Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев және вице-премьер Бердібек Сапарбаев және шетелдік жоғарғы оқу орындарының басшылары әуелде айтқан жаһандық жиынға келді. Аталған шараға 60-тан астам елдің ғалымдары, 800-ден астам академиялық орталықтардың сарапшылары және біріккен ұлттар ұйымы мен ЮНЕСКО сынды халықаралық ұйым өкілдері қатысып жатыр. Жиында сөз алған Бердібек Сапарбаев бұл саммиттің дәл осы жоғарғы оқу орнында өткізудің маңызды екенін айтты.

«Бүгінгі жаһандық саммитт құтты болсын!  Келесі жылы  1150 жылдығы мен Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы халықаралық дәрежеде тойлаймыз», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ.

Айт кетейік, келесі жылы Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы ауқымды түрде тойланбақ. Тіпті ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мейрамды ұйымдастыруға арнайы комиссия құруға қол қойды. Бекітілген адамдар шараның жоғарғы деңгейде өтуіне жауапты болады. Ал бүгінгі халықаралық саммит Қазақстанды әлемге танытуға септігін тигізбек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы жерде өткізіліп жатқан іс-шаралар елдегі білім сапасының дамуына, аталған салаға инвестиция тартуға және елімізді орталық Азияның білім беру хабына айналдыруға ықпал етпек.

Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы