Алматы әуежайында сөмкеге адам салып алып қызметкерлерді шошытқан жігіттердің бірі ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әкімшілік істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Рамбердиевті әкімшілік жазаға тарту туралы шешім шығарды. Яғни ұсталған жігіт 3 тәулік қамауда отыратын болады», – деді Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
Ал қалған екі адамға қатысты қозғалған өндірістік іс тоқтатылды.
Оқиға кеше Алматы әуежайында болған еді. Астанаға ұшпақ болған жолаушы жүгін қалдырып, тіркеуге кеткен. Кейін жүктің арасынан адам шығып келе жатқанын көрген кассирлер шұғыл қауіпсіздік қызметі өкілдерін шақырады.
Қалжыңбас жігіттердің арасында атышулы тәртіп бұзушы Назар Роллан да болған.
Айта кету керек, Назар Роллан есімді 20 жастағы жігіт әл-Фараби даңғылымен қарсы бағытпен жүріп желіні шулатқан болатын.
Бұл көріністің видеосы әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің ашу-ызасын тудырған. Кейін даңғой жүргізушіні қалалық полиция ұстап, шара қолданған. Алматы қаласының Әл-Фараби көшесінде жол ережесін өрескел бұзған 20 жастағы жігіт өзінің істеген ісіне өкінетіндігін айтып видео жариялаған еді.