Көктемгі тасқын: Көкшетауда 6 үй мен 12 аула су астында қалды

Көктемгі тасқын: Көкшетауда 6 үй мен 12 аула су астында қалды
31 наурызда 10-15 сантиметрлік қардың еруі өзендегі су деңгейінің көтеруілуіне әкеп соқтырған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көкшетау қаласында 6 үй мен 12 аула су астында қалды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Әлеуметтік желідегі тараған бейнежазбаларда тұрғындар қызыл су үйден аттап басуға мұрша бермей, жертөлеге кіріп жатқаны айтылады.

Ал, жауапты органдар мұны Қылшақты өзені арнасынан күрт асқанымен байланыстырып отыр. Оның үстіне, еріген қар суы осы өзенге қосылған.

Қазір оқиға салдарымен күресуге 15 техника жұмылдырылыпты. ТЖД мамандары барлық суды тез арада сорып аламыз деп уәде берді.

«Бүгін 04.50-де Қылшақты өзенінде су деңгейі күрт көтеріліп кетті. Өзен арнасынан асып, Көкшетау қаласындағы 6 үй мен 12 аула учаскесі су астында қалды. Қазір инженерлік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қылшақты өзенінің жағалауына топырақ төгіліп, су басқан үйлер тазартылып жатыр. Су деңгейі төмендеді», - деді ҚР Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Марат Күлдіков.

Құтқарушылар Солтүстік Қазақстанның Шоқан Уәлиханов ауданын да қызыл су басу қаупі бар дейді. Сондықтан Қаратал ауылының кейбір тұрғындары көрші Қулыкөлдегі мектепке көшірілген. Мұндай жағдай Шығыс Қазақстанның Бесқарағай ауданында да орын алып отыр. Ол жақта үйін су басқан жеті адам эвакуацияланған.

Новости партнеров