14 300 теңге сал да, 114 мың теңге шығарып ал. Осындай сынды хабарламалар соңғы 2 күн бойына әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Сәйкесінше, оңай олжаға кенелгісі келетіндердің де қарасы көбейген. Халық арасында кеңінен тараған алаяқтық әрекетке қатысты қазір Ішкі Істер Министрлігінің криминалдық полиция департаменті тексеріс жүргізуді бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаржы пирамидаларын құрғаны және басқарғаны үшін Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша мүлкін тәркілеумен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жалпы ойын шарты бойынша, күмәнді акцияға қатысушы 14300 теңге салып, артынан пайдаға кенелу үшін қасына тағы екі адамды алып келіп, тіркетуі қажет. Олар да өз кезегінде осы сомадағы ақшаны салуы тиіс. Осылайша қаржылық пирамида тізбектеліп кете береді. Ертеңгі күні алаяқтық әрекетке ұрынып, сандарын соғып қалмауы үшін, құқық қорғаушылар тұрғындарға абай болыңыздар деп ескертеді. Айта кетейік, 2018 жылы ішкі істер органдары 103, ал өткен жылы 23 қаржы пирамидасын анықтаған.