Мәслихат депутаттары қоғамдық тыңдауда Нұр-Сұлтан атауын Астана деп өзгерту бастамасын бірауыздан қолдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаты бас қалаға Астана атауын қайтару ұсынысын мақұлдады. Бастаманы бір ауыздан қолдап, 31 депутаттың 25-і дауыс берді. Енді құжат республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданады. Кейін Үкіметте қаралып, одан соң барып Жарлық жобасы әзірленеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соңғы 3 күнде қызу талқыда жүрген бастама бойынша мәслихат алдымен қоғамдық тыңдау өткізді. Кеңес мүшелері де елордаға бұрынғы атауды қайтару ұсынысын қолдайтындарын жеткізді. Пікір білдіргендер Астана аты – танымал бренд, әлем біледі, оны өзгерту керек деді. Артынша бастама мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаралды.
«Болып жатқан өзгерістер Қоғамдық кеңестің шешімі заңға қайшылық емес екенін айтып, мәслихат депутаттарына осы өзгерісті толықтай қабылдауға өз ұсынысымызды жеткіздік», – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Марат Мұстафин.
Бас шаһарға бұрынғы атауын қайтару мәселесі талқыланған сессияға 31 депутаттың 25-і қатысты. Олар қолдап, бірауыздан дауыс берді. Енді құжат Үкімет жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданады. Кейін Үкіметте қаралып, одан соң Президент қол қою үшін Жарлық жобасы әзірленеді, - деп түсіндірді мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов.
«Мен әлі күнге дейін Астана айтамын. Құжат толтырсам да, Астана деп жазып жіберемін», – деді қала тұрғыны Құралай Өтенова.
Қалалық мәслихаттың хатшысы Ерлан Каналимов шаһар атауын қайта өзгерткен жағдайда орталық мемлекеттік органдар республикалық бюджеттен, ал жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатынын айтты. Осыдан 3 жыл бұрын бұл шаруаға 30 млн теңге жұмсалыпты. Ал қазір мемлекеттік органдар цифрлық құжат айналымына көшті. Сондықтан шығындар әлдеқайда аз болуы мүмкін деді.
Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы