Екібастұз қаласында Естай атындағы балалар музыка мектебі сурет мектебімен бірлесе отырып «Сарыжайлау» жобасын жүзеге асырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Естай атындағы балалар музыка мектебі Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамына орай бірқатар іс шара өткізді. Солардың бірі – Жайлау күніне орай ұйымдастырылған «Сарыжайлау» жобасы.
Іс-шара барысында Тоқаның «Сарыжайлау» күйін «Арайна» домбырашылар ансамблі орындады. Жас суретшілердің шабытын ояту үшін табиғатқа байланысты Құрманғазының «Алатау», Секен Тұрысбектің «Ақ жауын», Шакен Жакишевтың «Табиғат сазы», халық күйі «Тел қоңыр» және қобызшылар ансамбілімен «Жайдарман» күйлері орындалды.
«Музыка мектебінің оқушыларының орындауындағы әуезді үн мен сиқырлы сазға елтіген сурет мектебінің оқушылары көз тартар туындылар салды. Карина Тайнова «Кең далам», Камила Жеңіс «Қызғалдақтар алқабы», Аружан Қажмұрат «Дала әуені», Адиля Кабдуова «Қыз қуу», Софья Кондратенко «Туған өлкем» табықырында салды», – деді мектепте.
Шараға қосымша білім беру оқытушылары да қатысты. Азамат Рахметов «Туған жер», ал Айнагүл Рахметова «Тұлпар» деп аталатын шығармашылық туындысын ұсынды.
Шара соңында сурет мектебі музыка мектебіне «Тұлпар» картинасын сыйласа, өз кезегінде музыка мектебі домбыраны сыйға тартты.