Бас прокурор Берік Асылов ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы мен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық істер туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Кәрім Мәсімовтың ісі мен оның қанша жылға сотталатынын сұрады. Бас прокурордың айтуынша, ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы және оның орынбасарлары 17 жылға сотталуы мүмкін.
"Мәсімов, оның үш орынбасары және екі бөлімше бастығына қатысты бірнеше іс қозғалып, тергеліп жатыр. Соның ішінде мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алуға әрекеттену, билікті асыра пайдалану және пара алу қылмыстары бар. Бұрынғы төраға мен оның орынбасарлары қамауда. Олардың әрекеттеріне құқықтық бағаны сот береді", - деді Асылов.
"Бірақ алдын ала айтып кететін болсақ, аталған қылмыстар үшін Қылмыстық кодексте 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", - деп түйіндеді ол.