|
Qoǵam
18.11.2019 | 12:37

Нұр-Сұлтанда бірнеше кешен тұрғындары ПИК кесірінен сергелдең кешуде

Олар біраз уақыттан бері ПИК-тен бас тартып, өздері басқару жүйесіне көшкен болатын

Нұр-Сұлтанда бірнеше кешен тұрғындары ПИК кесірінен сергелдең кешуде

Елордада көпқабатты бірнеше кешен тұрғындары үйдің керек-жарағына жинаған ақшаны жұмсауға рұқсат ала алмай сергелдеңге түсті.  Бұл тұрғын үй иелері біраз уақыттан бері ПИК-тен бас тартып, өздері басқару жүйесіне көшкен. Алайда аты ғана. Шынтуайтында, халықтың қалтасынан шыққан теңге сол бұрынғыдай   бірыңғай есеп айырысу орталығына кетіп жатқан көрінеді. Тұрғындардың сөзінше, ол орталық басқарушы компанияға қаражат бөлуден бас тартып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласында ондаған тұрғын үй кешенінің  бастамашы тұрғындары ПИК орнына мүлік иелері бірлестігін құру туралы заң жобасының күшіне енуін күтпестен кондоминиум нысанын басқару органдарын құрып алған. Мұндай шешімді олар жалпы жиналыста бірауыздан қабылдапты. Бұл ретте, барлық құжаттар басқарушы компанияға ұсынылды және келісілді дейді тұрғындар. Тіпті, функциясын беру туралы актқа қол қойылды деп отыр. Бірақ әлі күнге дейін бірыңғай есеп айырысу орталығы жиналған қаражатты басқарушы компанияға беруден бас тартып отырған көрінеді.

«Олардың заңгерлік бөлімі барлық құжаттар заңды әрі дұрыс деген баға беріп, 1 желтоқсаннан бастап есеп-шоттарды басамыз деген келісім болған. Күні кеше ғана «Бірыңғай есеп айырысу орталығы» ЖШС-нен хат келді. Онда түсінгеніміздей, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы біздің жұмысымызға араласып, өзіміздің ақшамызды өзіміз басқаруға кедергі келтіріп жатыр», – деді. «Градокомплекс 4» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрайымы Жанна ҚАБЫЛБЕКОВА.  

Ал, Бірыңғай есеп айырысу орталығытұрғындардың жалпы жиналысы хаттамасы дұрыс толтырылмағандықтан осындай проблема туындады дейді. Бірақ нақты қай жерінде кемшілік кеткенін де атап айтпады. Нәтижесінде тұрғындар өз игіліктері үшін жинаған ақшаға қол жеткізе алмай сарсаңға түскен. Оларға қазіргі таңда бұл қаражат ауадай қажет. Себебі тозығы жеткен кәріз құбырларын ауыстыра алмай отыр. Ал, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы заңды алға тартады.

«Бұл хаттамаларда, сауалнама парақтарында «қолдағандар», «қарсы», «қалыс қаламын» деген тұстары сәйкес келмейді. Пәтерлер мен ғимараттар иелерінің жалпы жиналысына қатысты типтік хаттамаларының нақты талаптары бар. Ол 2015 жылы Ұлттық экономика министрінің бұйырығымен бекітілген. Онда «қолдаймын», «қарсымын» немесе «қалыс қаламын» деген пунктерде нақты қол қойылуы керектігі айтылған», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданы инспекция бөлімінің бас маманы Ернар ҚИЯБАЕВ.

Сонымен қатар басқармадағылар тұрғындардың өз еріктерімен бірыңғай есеп айырысу орталығынан жаппай бас тартып, қаражатты тікелей басқарушы компанияға жібере алатындарын айтты.  Алайда бұл да оңай шаруа емес. Бірқатар процедуралар біраз уақытты талап етеді.

‡агрузка...