|
20.09.2019 | 19:17
7700

Автобус-пойыз апаты: балалар шұғыл көмек көрсету орталығына ауыстырылды

Жеткіншектер жасанды тыныс алатын аппаратымен демалып жатыр

Автобус-пойыз апаты: балалар шұғыл көмек көрсету орталығына ауыстырылды

Шамалғандағы апаттан зардап шеккен ағайынды балаларға әзірге ота жасалмайды. 3 және 5 жасар бүлдіршіндердің жағдайын дәрігерлер әлі де ауыр деп бағалап отыр. Олар Алматыдағы ауруханалардың біріне ауыстырылған. Үлкен баланың бас сүйектері сынса, кішісінің басы ауыр дәрежеде соғылған. Бүгінде жеткіншектер жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Екі балада да қосарланған жарақат. Милары шайқалған. Бір балаға 15 қыркүйекте ота жасалынған. Түскен кезде балалардың жағдайы өте ауыр болды. Екі бала да аппаратпен демалып жатыр. Қазіргі жағдайда балалардың жағдайы ауыр, бірақ бірқалыпты. Ем қабылдап жатыр», – деді  Алматы қаласы ШЖҚ «Балалар шұғыл медициналық жәрдем» МКК бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхамед РУЗУДДИНОВ.

Ал, балалардың анасын Қалқамандағы №7-ауруханасына әкелді. 33 жастағы келіншектің де жағдайын орташа ауыр дейді дәрігерлер. Оған бас-миының шайқалуы, кеуде қуысының жарақаты және қабырғалары мен жамбас сүйектерінің сынғанын айтады. Оған қоса, жұмсақ тіндердің жаншылуы деген диагноз қойылған. Қазір науқас есін біледі. Тиісті ем-дом қабылдап жатыр.

«Ол кісіге екі ота жасау керек. Келесі аптада жағдайы жақсарса, жамбас сүйегіне және қабырға сүйектеріне ота жасаймыз. Азаматшаның толық айығып кетуіне 3-3,5 ай керек. Жамбас сүйектері екі жақтан сынғандықтан, бұл күрделі ота түріне жатады», – деді Алматы қаласы №7 ҚКА травматолог дәрігері Жасұлан АРҒЫМБАЕВ.

Еске сала кетейік, 15 қыркүйек күні Алматы облысына қарасты Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысты. Салдарынан оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болды. Тағы үш адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Оның екеуі бала, біреуі әйел адам. Аталған дерек бойынша, қылмыстық іс қозғалған. Полиция жол апатының себептерін тексеріп жатқанын хабарлады.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир