Маңғыстауда Әбіш Кекілбаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. Бұдан бөлек еңселі ескерткіш тұрғызылды. Қазақтың біртуар азаматына жасалған ізгі іс-шараға Алматыдан арнайы делегация да барған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақтың абызы атанған, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Оның биіктігі үш жарым метр. Осынау тарихи сәтке мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
«Әбіш Кекілбаев – қазақтың болмыс бітіміне әлемдік кеңістіктен көз салған кемел ойдың иесі. Ұлы Абай өлді деуге болама ойлаңдаршы, өшпейтұғын артына сөз қалдырған дейді. Әбіш Кекілбаевтың шығармалары ғасырдан ғасырға ұласатын рухани құндылық болып қалатыны сөзсіз. Әбіш Кекілбаев ғұлама жазушы ғана емес, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Елбасының сенімді серігі ретінде тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға қосқан үлесі орасан зор», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Ескерткіштің ашылуынан кейін қонақтар Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи өлкетану мұражайын аралап көрді. Ғимараттың жалпы көлемі 46 мың шаршы метрден асады. Сәулетшілер жобалау барысында ұлттық нақышқа басымдық беріпті. Алматылықтар жаңа музейге жазушының суреттері жинақталған фотоальбом мен қаланың көрікті жері бейнленген картинаны сыйға тартты. Ал, арнайы делегацияны Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың орынбасары Ержан Бабақұмаров бастап барған.
«Ендігі кезекте тарихи өлкетану мұражайының жанынан театр салынбақ. Айта кетейік, биыл Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығы аталып өтіледі. Тарихи тұлғаға арналған шаралар Алматы қаласынан бастау алған болатын. Оның атына көше беріліп, жазушы тұрған үйге мемориалды тақтайша орнатылды. Бұл өз шығармалары арқылы мәңгі жасайтын қазақ халқының кемеңгер ұлына деген құрметі», – деді Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ.