|
11.11.2019 | 17:16
3983

Жетісу ауданында үш қабатты жекеменшік үйде газ жарылды

Ауданда тұрмысы төмен отбасылардың үйіне 105 датчик қондырылды

Жетісу ауданында үш қабатты жекеменшік үйде газ жарылды

Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары оған табиғи газдың жайылуы себеп болған дегенді алға тартады. Қазір тиісті сараптамалар жүргізіліп, жарылыстың неден болғаны тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жалға берілетін 10 пәтердің бірінде болған жарылыс тұрғындардың зәре-құтын қашырған. Жарылыстың екпіні қатты болғаны соншалық, үш қабатты үйдің терезесімен бірге қабырғалары да сөгілген, шатыры ішінен жартылай опырылған. Енді қираған үйді жөнге келтіру үшін Жетісу ауданы әкімшілігі үйдің иесіне 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, демек 500 мың шамасында өтемақы өтеп беретін болады.

«Балаларым мына жерде ойнап отырған. Сол кезде жарылыстың екпіні есікті жұлып әкетіп, терезені шағып түсірді. От жақындап қалған. Балаларымды киіндірместен терезе арқылы қауіпсіз жерге шығаруға асықтым», - дейді тұрғын Динара ИСМАИЛОВА.  

Оқиға таңғы сағат 9-дар шамасында Жетісу ауданындағы Постышева көшесінде орын алған. Жарылыс болған пәтердегі 3 адамды күйік шалған. Екі адамның жағдайы ауыр. Біреуі орта дәрежелі жарақат алған. Жапа шеккендер бірден №4-інші қалалық клиникалық ауруханасына жөнелтілген.

«08.50-де 101 пультіне Постышева 64 В мекен жайы бойынша жарылыс орын алды деген хабар келіп түсті. Өрт сөндіру бөлімі бірден сонда жөнелтілді. 3 адам зардап шеккен. Оларды №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізді. Қазір тиісті сараптама жүргізіліп жатыр. Жарылыстың неден болғаны тексерілуде», - дейді Алматы қаласы Жетісу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Айдын ДУЛАТОВ.

Бұл ретте Алматыдағы жекеменшік үйлерге өртке қарсы дабыл қондырғылары орнатылып жатыр. Мамандар Жетісу ауданындағы тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың үйін аралап, ондағы пештің жағдайын тексеріп жүр.

«Былтырғы жылы 45 датчик орнатылды. Биылғы жылы маусым айына дейін 30 датчик, қазір 5-і орнатылды. Орнату себептері – төтенше жағдайларды болдырмау, оның алдын алу», – дейді Жетісу ауданы әкім аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қуаныш СЕЙТІМБЕТОВ.

Тұншықтырғыш газдың ену қаупін алдын алатын құрылғыларды Жетісу ауданы әкімі аппараты және Төтенше жағдайлар бөлімі біріге орнатуда. Жыл басынан бері мұнда барлығы 105 датчик қондырылды. Өрт қаупі төнгенде дабыл қағатын арнайы датчик көп жағдайда тұрғындарды уланудан құтқарады.

«Жетісу ауданының тұрғынымын. Көпбалалы анамын. «Алтын алқа» иегерімін. Мынау бір өте керемет нәрсе болды, өмір қауіпсіздігіне», – деді ГҮЛЖАН КЕНЖЕБАЕВА

Биылғы жылы Алматының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы қаладағы әлеуметтік жағдайы төмен 593 отбасының тізімін белгілеген болатын. Олардың 90 пайызы бүгінгі күні тұншықтырғыш газдың енуін алдын алатын құрылғыларымен қамтылған.

Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир