Алматыда бизнес-жобаларды іске асыруға бағытталған заманауи ғимарат бой көтеруде. Нысан пайдалануға берілсе, кәсібін жаңадан бастағандарға үлкен мүміндік болмақ. Білікті мамандармен тәжірибе алмасады, өз жобаларын қорғап, инвестор таба алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Орталық осылайша бизнес саласындағы жаңа жобалардың жүзеге асуына жол ашатын бірегей алаңға айналмақ. Қала басшысы Бақытжан Сағынтаев бүгін Most IT Hub орталығының құрылысымен танысып, мегаполисте креативті индустрия бағытын дамытуды тапсырды.
«Бұл ғимаратта түрлі жобаларды жүзеге асыру мақсатында тренигтер, семинарлар, басқосулар өткізетін боламыз. Стартаперлер үшін күрделі идеяларды жүзеге асыруға көмектесетін экожүйе әзірлеп жатырмыз. Жас кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне бар жағдайды жасауға тырысамыз», – деді Most It Hub Almaty басқарушы серіктесі Мадина Райымхан.
Заманауи орталықтың жалпы аумағы 3 мың шаршы метр. 3 қабаттан тұрады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 430 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, коворкинг орталық пен кеңселер жалға берілмек.