Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері Арман Қани 69 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Арман Қани 1954 жылы 22 ақпанда Павлодар қаласында дүниеге келген.
Атасы Қани – Арқаның әйгілі күрескер ақыны Мәдимен ағайын, әжесі Кәсіп – үш жүзге аты мәлім Жаяу Мұсаның қызы. Арман бала кезінен бастап өз жұрты мен нағашы жұртындағы сол екі ақынның өмірі мен өнерін өнеге тұтып өскен.
1969 жылы өзі оқитын №3 мектеп-интернатта ұлтшыл жасөспірімдердің «Жас ұлан» атты жасырын саяси ұйымын құрып, жұртшылықты отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған үнпарақтар таратып, өлеңдер жазған. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚК) облыстық басқармасы ұйымды әшкерелеген соң бірнеше серігімен бірге жазалау шараларына ұшыраған: «Ұлттық саясат мәселелеріндегі өрескел қателіктері үшін» деген айыппен комсомол қатарынан, мектептен шығарылған. Сөйтіп, кәмелет жасына жетпей «саяси сенімсіз» адамдар санатына жатқызылып, білім алу құқы мен баспасөз бостандығына шектеу қойылған. Соның салдарынан ұзақ жылдар бойы қара жұмыс істеген.
Арман Қани орта мектепті де (1976 жылы), жоғары оқу орнын да (Павлодар мемлекеттік университетінің филология факультеті, 1995 жылы) өз құрбы-құрдастарынан көп кейін, сырттай оқып тамамдаған. 1990 жылдардың бас кезінен бері бұқаралық ақпарат құралдарында журналистік қызмет атқарды.
2005 жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, 2012 -2020 жылдары Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры қызметін атқарды.
2012 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қазақстан жас ақындарының «Қарлығаш» ұжымдық жыр жинағына Арман Қанидың 31 өлеңі енген (Алматы, «Жалын» – 1984 ж.). «Ар алдында» (Павлодар, «ЭКО» – 2001 ж.), «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ», «Тамшылар» (Павлодар, «ЭКО» – 2004 ж.) «Шындықпен бетпе-бет» (Алматы, «Қазақпарат» – 2006 ж.), «Жұлдызды тұман» (Павлодар, «Кереку» – 2008), «Сен және мен» (Астана, «Фолиант» – 2012), «Үйлесім» (Павлодар, «Brand print» – 2014), «Баянауыл жырлары» (Павлодар, «Парасат» – 2014), «Қарашығымдағы бейнелер» (Павлодар, «ЭКО» – 2019 ж), «Кереку жырлары» (Павлодар, «ЭКО» – 2020 ж), «Туған жер төсінде», «Замандастар» (Павлодар, «ЭКО» – 2021 ж) жинақтары жарық көрген.
Марапаттары: «Құрмет» ордені (2021 ж.), «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2013 ж), халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы» (2016 ж), «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін» (2012 ж), «Павлодар қаласының құрметті азаматы» (2015 ж), «Баянауыл ауданының құрметті азаматы» (2013 ж), «Май ауданының құрметті азаматы» (2020 ж) атақтарымен марапатталған. Қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігі үшін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011ж), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016 ж), «Павлодар облысына 75 жыл» (2012 ж), «Қазақ хандығына 550 жыл» (2015 ж), «Желтоқсан оқиғасына 30 жыл» (2016 ж), «Невада-Семей» қозғалысына 25 жыл» (2014 ж) мерекелік медальдары және Ресей Лермонтов комитетінің Қайсын Құлиев медалы (2019 ж) берілген. Сондай-ақ «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен (2015 ж), «Тарихи әділеттік» қоғамдық комитеттің, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының алғысхаттарымен марапатталған.