Мәжіліс депутаты мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендету мәселесін көтерді

egemen.kz
egemen.kz
Депутат мүгедектік бойынша тағайындалған жәрдемақының зейнетке шыққан кезде тоқтатылатынына қарсы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мәжіліс депутаттары үкіметке мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендетуді және мүгедектік бойынша жәрдемақыны зейнетақымен қоса төлеуді ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Мәжіліс депутаты, ҚХП фракциясының мүшесі Жамбыл Ахметбеков премьер-министрге жолдаған сауалында мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендету мәселесін көтерді.

"Неліктен зейнетақы жүйесін мүгедектігі бар адамдар үшін ерекше жағдай жасау үшін өзгертпеске? Адамдар жүйе үшін емес, жүйе адамдар үшін емес пе? Мүгедектігі бар адамдар физикалық тұрғыдан анықталған теңсіздіктен зардап шегеді, ал зейнетке шығу жасындағы жасанды теңдік – оларды қорлау және әділетсіздік", – дейді Ахметбеков.

Депутат мүгедектік бойынша тағайындалған жәрдемақының зейнетке шыққан кезде тоқтатылатынына қарсы.

"Адамның жасы ұлғайған сайын денсаулығы жақсармайды және мүгедектігі жоғалып кетпейді. Мүгедектігі бар зейнеткерлер міндетті түрде зейнетақыны да, мүгедектігі бойынша жәрдемақыны да алуға тиіс. Біздің елде құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері ғана зейнетке ерте шығады. Мүгедектігі бар қазақстандықтарды зейнетақымен қамтамасыз етуде осындай тәсіл қолданылуға тиіс деп есептейміз", – деді ол.

"Біз азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қабылдануға тиіс шаралар мен шешімдер туралы айтқанда үкімет әдеттегідей: "Бұл – бюджетке қосымша ауыртпалық әкеледі" деп жауап береді. Бұл тәсілге қарсы бірнеше объективті дәлел бар. Біріншіден, көтерілген мәселе азаматтардың шағын тобына ғана қатысты. Қазақстанда жұмыс істейтін зейнет жасындағы мүгедектердің саны 3 мыңнан аз. Жұмыс істейтін 50 мың мүгедектің орташа жасы 45 пен зейнет жасы аралығын құрады. Яғни олардың саны көп емес. Бұл жерде зейнетке белгіленген мерзімнен бұрын шығатын азаматтар сөз болып тұр. Осындай жүктемені көтере алмайтындай Қазақстанның бюджеті соншалықты әлсіз емес", – дейді Ахметбеков.

Екіншіден, депутаттың айтуынша, Есеп комитетінің 2021 жылғы 9 айдағы аудиторлық қызметінің қорытындысы бойынша анықталған қаржылық бұзушылық сомасы 384,4 миллиард теңгені құрады. Ал тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен мемлекет активтері триллион теңгеден асқан.

"Яғни мемлекеттің ақшасы бар. Қалай болғанда да, бюджет қаражаты қажетсіз шығындарға жұмсалмауы керек. Бұл өзгеруі мүмкін және өзгеруі тиіс жағдай", – деп санайды мәжілісмен.

Жоғарыда айтылғандарды ескеріп, Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары:

үкіметке мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендетуді;

мүгедектердің зейнетке шығу жасын төмендетудің және айқындаудың нақты өлшемдерін (мүгедектік тобын, денсаулық жағдайын, ауруын, еңбек сипатын және т.б.) ескеріп, сондай-ақ, мүгедектердің мүддесіне сай келетін зейнетақымен қамсыздандыру тетігін әзірлеуді;

мүгедектер проблемасын, оның ішінде жұмыс істейтін мүгедектер жасының еңбекке қабілеттілігіне әсері туралы қажетті ғылыми зерттеу жоспарын даярлауды;

әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодекске мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендету мәселесін енгізуді ұсынады.

Новости партнеров