Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар функцияларды мемлекеттік операторға берудің рәсімдерін аяқтағанға дейін утиль жинауға мораторий жариялауды сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Биылғы11 қаңтардағы Мәжілістің отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке утиль жинақтауға қатысты есептеу тәртібін қайта қарау және жеке мекеме орнына мемлекеттік операторды қарастыруды тапсырған болатын.
Утиль жинақтаудың шамадан тыс бағалануы әрі жеке оператордың ашық емес қызметі, депутаттар тарапынан бірнеше рет көтерілген және тұрғындар үшін өте маңызды сұрақтардың бірі», - деді депутат Еділ Жаңбыршин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, соңғы бес жылда автокөліктер мен ауылшаруашылық техникасын сатып алушылар, жеке операторға сатып алынатын техниканың мақсаты мен үлгісіне қарай, 400 мыңнан 13 миллион теңгеге дейін утиль жинауды төлеген. Мұндай заңды «бопсалаудың» салдары елімізде көліктердің қымбаттауына әкелді. 2015 жылдан 2021 жылға дейін жаңа көліктердің бағасы екі есеге жуық өсті. Осының салдарынан ескі көліктердің де бағасы көтеріліп кетті.
«Көрші елдермен баға айырмашылығы елге шетелдік көліктердің белсенді түрде тіркеусіз әкелінуіне мүмкіндік берді. Қазақстанға шетелдік нөмірлері бар 200 мыңнан астам көлік кірген, олардың көпшілігі ескірген, ал кейбіреуі тіпті қылмыстық мүлік. Сонымен қатар, 2021 жылдың маусымынан бастап кабель мен сым өнімдерінің құнына да 5% утиль жинау қарастырылған. Осы мәселелерге қатысты Президенттің тапсырмасын халық зор ықыласпен қабылдады. Бірақ, біз бүгін, тапсырмалардың басқаша атқарылып отырғанын көріп отырмыз. Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жеке оператордың құқықтарын мемлекеттік акционарлық қоғам «Жасыл Дамуға» дереу беруді көздейтін Қаулының жобасы орналастырылды. Бұл Қаулы жобасына сәйкес, бес жыл бойы жеке оператордың ақшаны белсенді түрде жинау процесінің ашықтығы ұмытылып қалатын сияқты. Жалпы утиль жинаудан түскен қаржы туралы әр түрлі цифрлар айтылуда. Жеке оператордың бұқаралық ақпарат құралдарына берген мәліметіне қарасақ, 2016 жылдан 2021 жылдың қыркүйек айына дейін түскен қаржы 600 млрд-тан теңгеден астам. Бұл қыруар қаржы қайда кеткен? Ол жөнінде толық дерек жоқ. Біз тәуелсіз аудит нәтижелерінің орнына Экологиялық Кодекстен жеке оператордың ақшаны «идея бойынша» неге жұмсау керек екендігі туралы ақпарат аламыз», - деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, ашық көздерден алған мәліметтер бойынша 300 млрд-тай теңге автокөлік өнеркәсібін және ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерді ынталандыруға берілген, 30 млрдтай теңге ескі көліктерді тапсырған халыққа төленген, 29 млрд-тай ескі техникаларды жинақтауға және утилизациялауға жіберілген, ал 181 млрд-тай қаржының қайда кеткені белгісіз.
«Сонда, бүкіл жиналған қаржының 10% ғана утильге бағытталған ба?! Сонымен қатар, жеке оператор активтерінің тағдыры Қаулы жобасы бойынша түсініксіз. Өйткені Қаулы жобасында тек жарғылық капиталдағы үлесті аудару туралы айтылған, ал ағымдағы шоттан ақшаларды аудару туралы бір ауыз сөз жоқ. Утиль жинау төлемін жаңа оператордың қабылдап бастағаны туралы Экология министрлігінің тосын мәлімдемесі де сұрақ туғызады. Өйткені Қаулы жобасы ағымдағы жылдың 1 ақпанына дейін талқыланады және одан кейін оның нақты қабылданатыны белгісіз болып тұр. Утиль жинаудың ставкасын қайта қару жөніндегі сұрақ та ашық қалып отыр. Бүгін әңгіме базалық ставка төңірегінде, ал алынатын сомалар, негізінен коэффициенттер арқылы манипуляция жасалынып отыр. Неге халықтан алынған утиль жинақ есебінен көлік өндірісін дамытамыз? Бизнестің өзі инвестиция салмай ма? Утиль жинауды тек ескі техникаларды заласыздандыру үшін пайдалану керек емес пе? Қазір утиль жинауға байланысты жұмыс тобы құрылып, талқылау жүріп жатыр. Бірақ, әр түрлі тараптардың паритеті сақталмаған», - деді Е. Жаңбыршин.
Оның пайымынша, жоғарыда келтірілген мәселелерді ескере отырып келесі шараларды іске асыру қажет:
-жеке оператордың қызметіне құрылған уақытынан бастап шұғыл тәуелсіз аудит жүргізу және аудитті мемлекеттік операторға қаражатты аударғанға дейін жасау;
-өткізілген жұмыстардың нәтижелерін ашық ақпарат көздерінде жариялау;
-тексеру нәтижелері бойынша жеке оператордың активтерін мемлекеттік операторға толық көлемде беруді қамтамасыз ету;
-есеп айырысуды және функцияларды мемлекеттік операторға берудің рәсімдерін аяқтағанға дейін утиль жинауға мораторий жариялау;
-утиль жинау есебінен көлік және ауыл шаруашылық техника өндірушілерін қолдауға тыйым салу;
-жұмыс тобына паритеттік жағдайда барлық тараптарды мүше қылу және оған Мәжіліс депутаттарында тарту;
-мемлекетке өткен операторды басқаратын кадрларды қайта қарау.