Алматы полициясы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, әртіс Мария Ахметованың 100 жасқа толуына орай жаңа жеке куәлігін тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Көші-қон қызметкерлері жаңа құжатты Мария Ахметованың үйіне әкеліп берді.
«Сізді 100 жасқа толуыңызға байланысты берілген жаңа куәлікпен құттықтағым келеді. Сізге ұзақ өмір, денсаулық, бақыт және амандық тілеймін», – деді Көші-қон қызметі басқармасының бөлім бастығы Жанна Жақыпбаева.
«Ішкі істер органдарының жұмысына өте ризамын. Полиция қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін», – дейді Мария апа.
Айта кетейік, Мария Ахметова 13.03.1921 жылы Жамбыл облысы Шу ауданында дүниеге келген. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері. Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. 1957 жылы Мәскеуде өнертану ғылымдарының кандидаттық диссертациясын қорғаған бірінші қазақ әйелі.