|
18.09.2019 | 19:06
3398

Нұр-Сұлтанда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі өтуде

Әлемдік діндер съезінің әнұраны жазылуы мүмкін

Нұр-Сұлтанда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі өтуде

Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне 19 мемлекеттен түрлі дін өкілдері келді

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің күн тәртібі қандай болмақ? Исламның қасиетті қағидаларын жамылып, саяси мүдделерін жүзеге асырмақ болып жүрген халықаралық лаңкестік ұйымдардың қылмыстық әрекетіне қалай тосқауыл қоюға болады? Бұл сұрақтар бүгін еліміздің Сенат төрайымы Дариға Назарбаеваның жетекшілік етуімен Нұр-Сұлтанда өткен дәстүрлі құрылтайдың 18-ші хатшылығында талқыланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясындағы  18-хатшылық отырысының бейбітшілік пен келісім сарайында өтуінің де өзіндік мәні бар. Себебі елімізде көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері ата діндерін ұстанып, тату тәтті өмір сүруде. Шараға 19 мемлекеттен түрлі дін өкілдері келді. Атап айтсақ, Қытай, Оңтүстік Корея, Тайланд, Мысыр, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Ватикан, Ұлыбритания мен Ресей. Отырысқа еліміздің Парламент Сенатының төрайымы - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Дариға Назарбаева төрағалық етті. Жиынды ашқан төрайым алғашқы съез осыдан 16 жыл бұрын өткенін еске салды. Айтуынша, конфессияаралық диалог өткізу туралы Елбасының идеясын сол сәтте барша әлем қызу қолдаған. Жаңа мыңжылдық басында ең жоғары деңгейде конфессияаралық ашық диалог өткізу нағыз революциялық іс деп бағаланған болатын.

«ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу идеясының авторы болды. Өткен жылдары Қазақстанның орасан зор ядролық қару арсеналынан бас тартуына бастамашы болған, бүкіл әлем мойындаған бітімгер, Тәуелсіздік жылдары ішінде өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықтың тірегіне айналған елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын ең ірі әлемдік діндер мен конфессиялардың басшылары қолдады», – деді ҚР Парламенті сенатының төрайымы, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА.



Солтүстік Африкада христиандарды өлтіру, олардың соғыстан кейінгі Сириядағы мүшкіл жағдайы. Аталған түйткіл Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінде талқылануы мүмкін. Отырысқа қатысушылар Қазақстан әзірше осындай мәселелерді ашық талқылайтын жалғыз алаң екенін атап өтті.

«Бүгінде Африкада христиандарды ұрлап, өлтіріп жатыр. Шіркеулерді өртеуде. Біз бұл туралы бір емес бірнеше рет айттық. Сириядағы христиандарға да қиын.  Осы түйткілді келесі съездің күн тәртібіне енгізуді ұсынамын. Қазақстанның арқасында аталған съезд осындай түйткілдерді ашық айтатын жалғыз алаң болып отыр», – деді Орыс православие шіркеуі Мәскеу патриархатының сыртқы шіркеу байланыс бөлімінің дінаралық байланыс хатшысы Димитрий САФОНОВ.

Отырысқа қатысушылар экстремизм, терроризм мәселелері және зорлық-зомбылықтың өзге де түрлері әлі күнге дейін күн тәртібінен түспегенін жеткізді. Жастардың жат ағымдарға кетуі, ғибадатханалар мен діндарларға жалған табынушылар тарапынан жасалған қастандықтары да сөз болды.

«Біз бүгінгі таңда мұндай зорлық-зомбылық актілері қоғамға іріткі салуды көздеген мақсатына жете алмайды деп сенімді түрде айта аламыз. Керісінше, олар планетамыздың барша тұрғындарының бейбіт өмір мен қауіпсіздік үшін ынтымақтасуына ықпал ете отырып, адамзатты біріктіретініне күмәніміз жоқ. Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі Жер бетіндегі бітімгершілік процесіне, адамдарды төзімділік мен сыйластық рухында тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты деп санаймын», –  деді ҚР Парламенті сенатының төрайымы, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА.

Отырысқа қатысушылар Сириялық соғысты реттеудегі Астана процесінің маңыздылығына айрықша тоқталды. Әскери жанжалды тоқтату аясында келіссөздер жүргізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор үлесі ерекше аталып өтті. Бітімгер көшбасшылардың алғашқы кездесуі 2017 жылы өткен болатын. Дәл осы тарихи жүздесуден кейін мәселе шешіле бастаған. Жалпы Қазақстанды әлемдік діндарлар бітімгершілік процесске, адамдарды төзімділік пен сыйластық рухына тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосқан мемлекет дейді.  

«Өте бірегей конференция. Мұндай съезд бүкіл әлемде жоқ. Тек Қазақстан ғана өткізіп отырады. Бұл шара біз үшін маңызды. Себебі әр діннің өкілдері осында келіп, мәселелерін айтып, ұсыныстарын білдіруде. Осындай бірегей съезді өткізе отырып, Қазақстан дүниежүзіндегі барша тұрғындардың бейбіт өмірі мен қауіпсіздік үшін ынтымақтасуына ықпал етті. Адамзатты біріктірді», – деді Корея Чогие буддистік ұйымының орталық азиядағы өкілдігінің директоры Ян Ки ХУН.

Әлемдік дін көшбасшылары Елбасы еңбегін арнайы құжатпен мәңгіге қалдырмақ. Бұдан бөлек, отырыста әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің әнұранын шығару ұсынылды. Ал оның VII съезі 2021 жылдың 15-16 маусымында өтеді деп жоспарлануда. Хатшылық мүшелері өз ұсыныстарын жазбаша түрде келер жылдың бірінші наурызына дейін жолдай алады.

Салтанат Нысанбек, Азамат Кәкенов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир