Жетісу облысында оңай олжаны көздегендер ұсталды

29.07.2024 18:21

Олар қиыршық тас пен құм тиеп жатқан жерінен қолға түскен

Жетісу облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланғандар ұсталды. Оңай олжаны көздегендер Үштөбе қаласынан 30 шақырым жерде қиыршық тас пен құм тиеп жатқан жерінен қолға түскен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Табиғатты қорғаушыларының айтуынша, ешбірінде рұқсат қағазы жоқ. Шамамен 100 гектар аумақтан  азаматтар табиғат байлығын бей-берекет қазып алған. Бір жүк көлік құм алғандар нарықта тауарды 100 мың теңгеге саудалайды. Мамандар «қалтасын қампайтқандар табиғатқа залал келтіріп жатыр» дейді. Жазда құрылыс материалдарына сұраныс көбейгенде заңбұзушылықтар жиілей түседі.  Мысалы, өткен айда өзен арнасы мен өзге де жерлерден заңсыз тас тасымалдаған 11 дерек тіркелген.

– Заңбұзушылық Үштөбе-Көпбірлік жолының 33-шақырымында болған. Ол жерде құм қиыршық тас  тиелген екі жүк көлік және эскалатор жүргізушілері  анықталды. Тексеру барысында мекемелердің бірі оларды жалдап жұмыс істетіп жатқанын түсіндірді. Осы дерек бойынша  аталған құжат жиналып, Жетісу облысы бойынша экология және жер ресурстарын бақылау департаментіне жолданды, – деді Полиция департаменті табиғатты қорғау тобының аға инспекторы Сержан Сейдахмет.

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында жарты миллион теңге бопсалаған 5 адам ұсталды