Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Вечерний Almaty» газетін 85 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
1936 жылы негізі қаланған басылымның алғашқы нөмірі 27 сәуірде жарыққа шыққан. Қала әкімі басылымның тарихи және қоғамдық оқиғалардың бел ортасында болып, жаңа әрі қызықты идеялардың ұстаханасына айналғанын айтты.
«Құрметті «Вечерний Almaty» газетінің ұжымы!
Басылымның 85 жылдық мерейтойы – сіздер үшін де, біздің қала үшін де шын мәніндегі ең маңызды атаулы күн. Тарихи дәуірлер тоғысында дүниеге келген «Вечерний Almaty» әрқашан мегаполистің қоғамдық, іскерлік, мәдени өмірінің қайнаған ортасынан табыла білді.
Сонау 1936 жылы негізі қаланған «Вечерка» әрдайым уақыт ағымынан қалмай, заман көшіне ілесіп кетті. Тарихи және қоғамдық оқиғалардың бел ортасында болып, жаңа, қызықты идеялардың ұстаханасына айналды және талантты авторларға ашық болды.
Арада қаншама жылдар өтсе де, газет отандық баспасөздің көшбасшыларының бірі болып қала беретіні сөзсіз. Өйткені ол оқырманы, бет-бейнесі әлдеқашан қалыптасып үлгерген, аяғынан нық тұрған бірегей басылым.
Бір ғасырға шамалас болатын тарихында газет өзінің қызметкерлері арқылы оқырмандарына елдің көптеген маңызды оқиғаларының куәсі болуына жол ашты.
Бүгінгі таңда ұйымшыл ұжым өздерінің кәсіби шеберліктерінің арқасында ежелгі дәстүрін жалғай отырып, шығармашылық ізденістерінен таймай келеді», – деді әкім.
Сонымен қатар, қала әкімі газеттің әртүрлі жастағы аудиторияны тарта отырып, интернет-басылымның мүмкіндіктерін қарқынды дамытып отырғанын айтып, басылым ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
«Газет бүгінгі заманауи тенденциялардан да қалмай, ұшқыр уақытпен ұштасып, өзіне әртүрлі жастағы аудиторияны тарта отырып, интернет-басылымның мүмкіндіктерін қарқынды дамытуда.
Газет беттерінде мың жасаған шаһарымыздың өміріне арналған сүбелі материалдардың жиі жарияланып тұратыны да бізді қуантады.
Біз қаланың жетістіктерін бірге бақылай, таразылап, зерделей отырып, өзекті мәселелерді шешу үшін тиісті қадамдар жасаймыз. Басылым ұжымына сарқылмас шабыт пен жаңа шығармашылық табыс тілеймін!» – деді әкім.