СҚО-да ауа-райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар тасжолдар жабылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Петропавл қаласының өзінде көктайғақ кесірінен жарақат алып, емдеу пунктіне жүгінгендер саны көбейді. Ал тұрғындар коммуналдық қызметтер тиісті жұмысты атқармай жатыр деп шағым айтты.
Солтүстік аймақта құбылмалы ауа райы сақталып тұр. Бір жеті бұрын облыс аумағында 40 градустық аяз болып, жаңбыр жауып, арты көктайғаққа ұласты. Тұрғындар көшелерге мұзды ерітетін қоспалардың шашылмай жатқанын айтып наразы. Қалада жүріп-тұру әсіресе зейнеткерлер үшін қиынға соғып тұр.
– Көктайғақ. Әкімдік жұмыс істесе, топырақ себілсе жақсы болар еді. Зейнеткерлерге қиын ғой, – деді қала тұрғыны Мәриям Режепбаева.
– Жолда жүру мүлдем мүмкін емес. Ақырын жүріп, аяқты аңдап басуға мәжбүрмін. Жаңа ғана ауруханаға барып келдім. Жарақат алып, кезекте тұрған адам көп. Егде жастағы адамдар ғана емес, жастар да келіп жатыр, – деді қала тұрғыны Людмила Озерова.
Күннің жылынуына қарамастан, үсік шалып ауруханаға түсіп жатқандар да бар. Өткен аптада мамандардың көмегіне 3 адам жүгініп, екеуі ауруханаға жатқызылған. Көктайғақ салдарынан тайып-жығылып, қол-аяғын сындырып жатқандар да көбейген. Демалыс күндері қаланың жарақат емдеу пунктіне 90-ға жуық адам келіпті.
– Өткен демалыс күндері қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына 87 адам түсті. Негізінен қабырғасын, қол-аяғын сындырып алғандар жүгінген. Одан бөлек, әр түрлі дәрежеде денесі көгеріп қалған азаматтар бар. Көбінесе аға буын өкілдері жарақаттанып жатыр, – деді Петропавл қалалық көпсалалы жедел медициналық жәрдем ауруханасының баспасөз хатшысы Екатерина Белоусова.
Ал жергілікті билік өкілдері тиісті шаруа атқарылып жатқанын айтады. Қала әкімінің баспасөз хатшысының айтуынша, көктайғаққа қарсы жұмыстарға күнделікті 200-ге жуық техника жұмылдырылады. Биылға 2500 мың текше метр құм-тұз қоспасы дайындалған.
– Түнде жаңбыр жауған болатын. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы құм-тұз қоспасын септі, көшелерді алдымен механикалық тазалайды, одан кейін қар шығарылады. Жұмыстар сағат 18:00-де басталып, таңға дейін жүреді. Ал сағат 5:00-10:00-ге дейін қала бойынша құм-тұз қоспасын себу жұмыстары жүргізіледі, – деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла
Қолайсыз ауа райына байланысты барлық бағыт бойынша республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар жабылды. Көліктің барлық түріне шектеу енгізілген.
– Ауа райының қолайсыз жағдайлары кезеңінде елдімекендерден шықпау және СМС хабарландыруды қарау қажет. Сонымен қатар жол жүрісі қағидаларын белгіленген жүріс жылдамдығын, арақашықтықты бұлжытпай сақтау, сондай-ақ қарама-қарсы жүріс жолағына шықпау қажет, – дед Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Әсемгүл Әлібаеваі
СҚО-да соңғы 3 күнде 4 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 5 адам жарақат алып, біреуі көз жұмды. Мамандар алыс жолға шықпай, жолда сақ болуды ескертеді.
Нүргұл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан
Оқи отырыңыз: Алматыда 25-31 желтоқсан аралығында ауа райы қандай болады