Үш мыңға жуық белсенділер бас қосқан шараға Алматы мен Шымкент қалаларының және үш облыстың көшбасшылары мен өнертапқыштары қатысып, марапатталды. Өскелең ұрпақтың жетістікке жетудегі талпынысы мен ел дамуына қосқан үлесін көрсету масқатында ұйымдастырылған марафон болашақта да өз жалғасын таппақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Ұлы дала дарыны» мега жобасына 3 номинация бойынша қатысқан Алтынай Бауыржанқызы аталмыш форумға Түркістан облысының үмітін арқалап келіп отыр. «Жас қалам» жанры бойынша бас жүлдені иемденген дарын иесі мұнда Түркістанның жалынды жастарының жетістіктерімен бөліспек.
«Осындай жастарға мотивация беру, Өзімнің жетістіктеріммен бөлісу мақсатында шараға қатысып жатырмын. Журналистика саласында, білім саласында көптеген жетістіктерге жеттім. Бүгінгі таңда 11 сынып оқушысымын. Халықаралық «Ұлы дала дарыны» мега жобасының грантының иегерімін»,- деді «Ел үміті» марафонының қатысушысы Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ.
Қазақстан тарихы пәнінен 2 мәрте республикалық олимпиада жеңімпазы, түрлі республикалық деңгейдегі жарыстардың жүлдегері Бекзат Ералиев осы жылдың 1-інші маусымында Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болыпты. Енді міне, ел үмітін ақтаймын деп, Шымкент қаласының атынан келіп отыр.
«Осы форумға Шымкент қаласының атынан шақыртылған болатынмын. Басты мақсатым – басқа жастармен бірге қарым-қатынас жасап, идеялармен бөлісіп, алдағы уақытта бірге жұмыс жасау. Басты идея осы», – деді «Ел үміті» марафонының қатысушысы Бекзат ЕРАЛИЕВ.
Биыл жастарға арналып 1050 жалдамалы пәтер беріледі. Ал 2020 жылдан бастап «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша тағы 2 мың пәтер қолданысқа беріледі. Бұл туралы форумда қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты. Талантты жастардың басын қосып, армандары мен жоспарларын іске асыруға сеп болатын жастар форумында қалада қарастырылған барлық мүмкіндіктер жайы сөз болды.
«Бүгінгі марафонның Тұңғыш президент күніне орай ұйымдастырылуы да бекер емес. Дарынды жастарға қолдау көрсету, одан әрі дамыту елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың назарынан ешқашан тыс қалған емес. «Ел үміті» марафонының елбасы қолдауымен игі дәстүрге айнылуы осының айқын дәлелі», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Бүгінде мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мысалы, ауылдың жастарына арналған арнайы жоба да бар. Оның аясында жыл сайын интеллектуалдық турнир өткізіліп, 1000 бала іріктеліп отырады.
«Бүгінгі марафонның мақсаты – жас иноваторларды, жас ғалымдарды, бизнесмендерді және басқа да жас мамандарды қолдауға бағытталған. Ел үміті бастамасы аясында көптеген жаңа жобалар болады. Бұл сіздер үшін жаңа мүмкіндіктер, жаңа әлеуметтік лифт. Қазіргі тез өзгеріп заманда мына сздер жастар мықты болу керек. Сенімді ақтап, Қазақстанды мәңгілік ел етуге жастар қатысу керек. Біз әрқашан қолдаймыз», – ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет ИСЕКЕШЕВ.
Әуелі «Ел үміті» жастар марафоны Ақтөбеде өткен еді. Ал Алматыдағы «Ел үміті» марафоншыларын құттықтап, жастардың игі бастамаларына қолдау көрсету үшін қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары да келді. Форум алдағы уақытта Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.
Сая Меңдеке, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы.