Қарағанды облысында ұлты неміс Олег Кеплинг есімді азамат жылқы бағып, бие сауумен айналысады. Бұл туралы блогер Айсұлтан Жақыпов өзінің YouTube каналында жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қарағанды облысы Шахтинск ауданына қарасты Сиырты ауылында тұратын Олег Кеплинг қымыз бизнесін жолға қойған. Отасқанына 13 жыл болған әйелі екеуі бие сауып, қымыз дайындаумен айналысатын ол салқындатқышына салып қоятын 170 литр қымызының күн сайын өтіп кететінін айтады.
«Қымыз пісетін арнайы механизим орнатып қойғанмын. Күбіні тобылғымен ыстап отырамын. Биені де күнделікті өзіміз сауамыз, қымызды да өзіміз дайындап, әзірлейміз», – дейді Олег Кеплинг.
Бала кезінен ауылда қазақ балаларымен тай-құлындай тебісіп өскен Олег соңғы жылдары көкпар тартудың қыр-сырын жетік меңгеріп алған.
«Олег екеуіміз бір-бірімізді он жасымыздан бері білеміз, ол – менің жан жолдасым. Бірге өстік, бірге жылқы бақтық. Көкпар тартқанда бір командада ойнаймыз, Олег – командамыздың қорғаушысы. Наурыз мерекесіне орай Бұқар жырау ауданы Қаражар ауылында өткен көкпарға қатысқан алты команданың ішінде біз бірінші орын алдық. Жыл сайын Шахан ауылында ат жарысын өткізіп отырамыз. Алайда пандемияға байланысты екі жылдан бері өткізе алмадық. Жалпы, ат жарысы, бәйге, көкпар, теңге ілу сияқты түрлі ұлттық ойындарды жаңғыртып, жастарға үйретіп жүрген жайымыз бар», – дейді Шахан ауылының тұрғыны Еркебұлан Ибкеев.
Көкпарды алты жылдан бері ойнап жүрген Олег өзіне осы қоңыр тірлігінің ұнайтынын, алдағы уақытта да қымыз саудасын жандандырып, ауыл өмірінің гүлденуіне атсалыса беретінін айтады.