Атап өтерлігі, дәл сол жерлерге ешқандай жарық қойылмаған, қараңғы екен. Аудан тұрғындары бұл мәселе туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа кездесуде де айтқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түрксіб ауданында бір аптаның ішінде тас қараңғы жатқан 5 аула жарықтандырылыпты. Ауқымды шара қала әкімі тапсырмасынан кейін бірден мықтап қолға алынған. Тұрғындар электр бағандарының қойылуының арқасында кеш батса да, қорықпай жүретін болдық, - дейді.
«Ауламыз қазір жап-жарық, кешкі уақытта да алаңсыз жүре аламыз», – дейді бірі.
«Балалармен қараңғы түссе де, ойнай аламыз. Көше күндізгідей жарық болып тұрады», – дейді екіншісі.
«Бұрын мұндай кезде аулаға шығу қорқынышты еді. Енді қазір тыныш әрі қауіпсіз», – дейді тағы бір тұрғын.
Аудан әкімдігі жыл аяғына дейін жалпы саны 22 көше жарықтандырылатынын айтты. Бүгіннің өзінде тағы 60-тан астам көшеге электр бағандары мен шамдарын орнату бойынша жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалып жатыр.
«Аудан бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде жарықтандырылмаған 83 көше және 65 аула анықталды. Атап өтерлігі, магистральді көшелерде ескі желі мен бағандарды жарық диодты шамдарға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде», – дейді Алматы қаласы Түрксіб ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Константин ВОРОПАЕВ.
Жарықтандыру мәселесі қалада әлі де өзекті. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың әлеуметтік желідегі парақшасына тұрғындардан келіп жатқан өтініштер бойынша Түрксіб криминалды аудан болып тұр. Сондықтан, аудан әкімдігі полиция бекеттері орнатылса бұл мәселе шешімін табады деген сенімде.
Әзірге тәжірибе ретінде алғашқы пункт бірінші теміржол бекетінің алдындағы алаңда қойылыпты.
Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы