Елімізде тұңғыш рет «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сайын сахараны дүбірге бөлеген 1200 шақырымдық аламан ат жарысы 12 күнге жалғасады. Күні кеше әр өңірден келген шабандоздар арғымақтарын елордада ерттеп, Түркістанға бет алды.
Әр өңірдің намысын ту етіп, арғымақтарын ерттеп келген мына жігіттер алыс жолға тас түйін дайын. Олар 1200 шақырымды қиындықсыз еңсеруден үмітті. Дода жігіттердің жігерін, қазанаттардың қажыр-күшін сынайтыны анық. Қатысушылардың өздері де біз үшін үлкен бір белес дейді.
«Жоспар бойынша 12 күн жоспарланған. 1200 шақырым. Яғни, Елордадан Түркістан қаласына дейін. Күніне 100 шақырымнан жүріп отырумыз керек. Сонда бірінші барған команда жеңіске жетеді. Командамен бірге бару керек. Топпен бірге. Бұл жерде аттың жүрісі есепке алынады», – деді қатысушы Әли Мырзақұлов.
Жалпыреспубликалық марафон жәй ғана ат жарысы емес. Бұл – намыстың додасы. Төзім мен жігер, қайрат пен мінез сынға түсетін аламан.
«Дайындық жаман емес. Жетекшілер бар дайындалып келдік. Біздің міндет – Түркістанға Алла бұйыртса жету. Бәріне сәттілік тілеймін. Жалпы 1200 шақырымға бірінші рет шығуым. Былай енді жүрдік қой. Үлкен сынақ болады. Аллаға сыйынып, тәуекел», – деді «Ақтангер» тобының мүшесі Әлихан Мұқанбетов
Аламан жарыстың салтанатты ашылуы Астанада өтті. Шараға мәдениет және спорт министрі арнайы келіп қатысты. Сайыс алдында тақым қысып тұрған жігітттерге сәттілік тіледі.
«1200 шақырымға төзіп беретін тақым, төтеп беретін тұлпар жоқ» деген пікірлер айтылып жатыр. Бірақ батыр бабаларымыз Алтайдан сонау Анадолыға дейінгі аралықты ат үстінде жүріп жаулады. Сендер бүгін сол баһадүр бабалардың даңқты мұрагерлері ретінде осы додада атқа қонып тұрсыңдар. Сананы жаңғыртатын, рухты оятатын Ұлы дала жорығына баршамыз жаркүйерміз», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Жарыс ай соңына дейін созылады. Осы аралықта қатысушылар күніне 100 шақырымды бағындырып отыруы тиіс. Әр топта 5 адамнан бар. Аламанның соңғы нүктесі –Түркістан облысы. Ең қысқа уақытта жеткен жеңімпазға бәйгеде бас жүлде 30 миллион теңге беріледі.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астанадан