Ақшалай көтермелеу мен пәтерден айыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев допингпен ұсталғандарға жазаны күшейтетін заңға қол қойды. Бұдан былай спортшыға допинг тағайындаған адамдарға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жаза қолданылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал, допингті пайдаланғаны үшін заң жобасында дисквалификация, спортшының спорттағы нәтижесін жою және біліктілік ұпайларын алып тастау, ақшалай көтермелеуді қайтару, спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеуді тоқтату көзделген.
Бұдан бөлек, спортшыларға, жаттықтырушыларға және клуб командаларының басшыларына ай сайынғы ақшалай қамтуды тоқтату, спорттық атағынан айыру, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және жүлдегері тұрғын үйді пайдалану шартын бұзу, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының құрамынан спортшыларды, жаттықтырушыларды шығару жазалары қарастырылған.